Білім

“Әл-Фараби руханияты”

 

2002 жылдан бері ғұлама ғалым  Әл-Фарабидің есімімен аталып келе жатқан білім ордасында лицей күнін атап өту игі дәстүрге айналған. Сондай-ақ осы күні “Әл-Фараби руханияты” білім сайысы ұйымдастырылады. Дода алдында қатысушылар мерекелік шараны тамашалап, әсем ән тыңдады.
Білім сайысына Қожаберген жырау атындағы №6 қазақ орта мектебі, қалалық классикалық гимназия, қазақ мектеп-гимназиясы мен аталмыш білім ордасы қатысуда. Әр мектеп жетінші және оныншы сынып оқушыларынан жасақталған 4 топты іріктеп әкелген. Талап бойынша әр ұйымда 7 шәкірт болуы тиіс.

Зәуреш Жиентаева, «Әл – Фараби» мектеп- лицейі директорының орынбасары:

-Ғұлама ғалымның дүние-танымын, шығармаларын, өмірбаянын қазіргі жас ұрпаққа тарату мұғалімдердің парызы деп білеміз де “Әл-Фараби руханияты” деген турнир ұйымдастырамыз. Бұл іс-шараның маңыздылығы мен мәнділігі – балалар алдында ала бірнеше күн, айлап Әл-Фараби мұрасын зерттейді, ізденеді.

Екі бөлімнен құралған бәйгеде оқушылар қазақ тілі мен әдебиеті, математика, физика, химия, медицина мен “Әл-Фараби және заман” тақырыбы бойынша ғылымның 7 саласында білімдерін тексереді. Бірінші бөлім топтық құраммен жұмыс жасау. Ал, екінші турда оқушылар жекелей тестілік тапсырмалар орындайды.

Жұлдызай Жақыпова, қалалық классикалық гимназияның 9 сынып оқушысы:

-Мен қалалық классикалық гимназия тобының мүшесімін. Осы турнирге көп дайындалдық.Мен осындай жарыстарға көп қатыстым, сондықтан менің ойымша командалық турнирде өзіміздің қабілетімізді жақсы жағынан көрсете аламыз.

Фариза Әлжанова, “Әл-Фараби” мектеп- лицейінің 9 сынып оқушысы:

-Осы сайыс арқылы әр оқушы өзінің ойлау қабілетін,білімге деген құштарлығын көрсете алады. Бәріне табыс пен жеңіс тілеймін.

Білім бәйгесіне Қожаберген жырау атындағы №6 қазақ орта мектебі алғаш рет қатысып отыр. Ұстаздар қауымы бұл додаға мықты деген оқушыларды іріктеп әкелген.

Жадыра Сәдуақасова, Қожаберген жырау атындағы №6 қазақ орта мектебінің мұғалімі:

-Бұл турнирде оқушыларымыздың ойлау қабілеттері дамиды. Жан-жақтылығы, сөздік қорлары баиды деген сенімдемін. Турнирдің оқушылардың болашағына берері көп.

Білім сайысының қорытындысы бойынша үздіктерге мақтау қағаздары мен сыйлықтар беріледі. Ал жеңімпаз деп танылған оқушы мектеп-лицей директорының бас жүлдесіне ие болады.  

Жандос Наурызбаев