Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір басшысының Аққайың ауданына жұмыс сапары

 

 

Облыс әкімі Серік Біләлов алдымен аққайыңдық диқандармен кездесті. Мұндағы 47 серіктестік пен 240 шаруа қожалығының барлығы орақ науқанын аяқтауға жақын. Аудан иелігіндегі 185,7 мың га   алқаптың  99,2 пайызында астық дестеге түсірілген. Бастырылған астықтың көп бөлігі қырман басына  жеткізіліпті. Гектар берекелігі орташа алғанда 22 центнерден айналуда. Биылғы астықтың сапасы да жақсы. Бар өнімнің 93 пайызы 3-ші сұрыпты. Ендігі мақсат қалған өнімді ысырапсыз жинап, дәнді кептіріп, сақтаудың амалдарын іздеу.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Элеваторлардың жұмысын біз күнделікті бақылап отырамыз. Астық сақтау қоймаларындағы әр кептіру құрылғысының үздіксіз жұмысы үшін жеңілдетілген бағамен 2,4 мың тонна жанар- жағармай берілді. Сондықтан астықты кептіріп, сақтауда кедергілер болмауы керек. Шаруашылықтардың бидайды кептіре алатын мүмкіндігі болса, тіптен жақсы болар еді. Ендігі мәселе қол қусырып отырмай, 20 жылда ерекше бітік шыққан егінді ысырап қылмай сақтаудың амалдарын іздеу.

Кейін аймақ басшысы Смирнов элеваторының жұмысымен танысты. Астық қабылдау кәсіпорны қоймасының сыйымдылығы 100 мың тоннаға шақталған. Бүгінде 75 пайызы толтырылыпты. Мұнда келіп түскен астықтың 95 пайызы үшінші класты сәйкесінше кілегейлігі 23-25 пайыз. Тәулігіне элеватор қабылдай алатын 2 жарым мың тонна бидай 24 сағаттың ішінде толығымен кептіріледі екен. Өңір жетекшісін элеватордың қаншалықты қосымша өнім қабылдай алатыны қызықтырды.

Вадим Червинский, “Смирнов элеваторы” ЖШС директоры:
– Біз қосымша 20 мың тонна бидай қабылдай аламыз. 10 мың тоннасын элеватордың қоймаларына сыйғызсақ, қалғанын полиэтилен қапшықтарда сақтаймыз. Жанармай жеткілікті, сондықтан серіктестіктер ылғалдылығы шамадан тыс бидайды біздің дән кептіргіштерде құрғатып ала алады. Кейін өзіміз артып береміз.

Серіктестік биылғы астықты жылға жақсылап қамданып алыпты. Қоймаға сыймаған астықты  “Акрон” құрылғысының көмегімен полиэтилен қапшықтарына салуға болады. Ол бидайды шірітпей сақтауға мол мүмкіндік береді. Әрі кептіреді. Аймақ басшысы жаңашылдықты өзге шаруашылықтар да пайдаланғаны дұрыс деді.

Вадим Червинский, “Смирнов элеваторы” ЖШС директоры:
– Шаруашылықта осындай бір құрылғы болса ұтылмайды. Өте тиімді, жұмыс істеу оңай, бәрі басқыштың көмегімен басқарылады. Бағасы да қымбат емес. Бір полиэтилен қапшыққа 200 тонна астық сияды. Жақсылап кептірілсе, келесі егін науқанына дейін бүлінбей жата береді.

Аққайың ауданында жалпы сыйымдылығы 255 мың тонна болатын 4 элеватор тәулік бойы астық қабылдау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қоймаларда өз диқандарымен қатар Есіл, Қызылжар аудандарының біршама агроқұрылымдарының бидайы да  сақталатын болады.

Иван Овчеренко, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы:
– Орақ науқаны аяқталуға жақын. Көптеген шаруашылықтар мен серіктестіктер еккен егінін бастырып қойды. Элеваторлар толық, сондықтан қазір еліміздің өзге аймақтарындағы астық қоймаларына бидай тасымалдау  қолға алынуда. Біздегі элеваторлар қосымша қоймалар салып, бидай сақтаудың өзге де амалдарын жасап жатыр.

Жалпы облыс бойынша орақ науқанының 98,7 пайызы аяқталды. Астық шығымдылығы гектар басына орта есеппен 21,7 центнерден айналуда.

Жеңіс Ермұқанов