Ауыл шаруашылығы

Мал басын асылдандыру – басым бағыт

Қазіргі таңда елімізде асыл тұқымды мал басын көбейтуге ден қойылған. Біздің өңірде де бұл бағытта қолға алынған жұмыстар аз емес. Солтүстікқазақстандық ғалымдар ауылшаруашылығы саласын дамытуға байланысты тың жобаларды жүзеге асыруда.

Қанат Мыңжасов, «Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС директоры:
– Біздің Солтүстік Қазақстанға биыл 5000 бас ірі қара әкеліп жатыр. Олардың санын 10 мыңға жеткізу көзделуде.  Қазақстанға осы 2-3 жылда 72 мың бас шет елден ірі қара әкелінбек. Елбасы тапсырма бергендей, болашақта біз шетелге ет экспортттаймыз деп ойлаймыз. Сол үшін бізге шет елдің малдары керек. Репродуктор жасау керек.

Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығын ғылыми-зерттеу институтында 5 ғылым докторы мен 20-дан астам ғылым кандидаты қызмет етеді. Олар елдегі мал шаруашылығы мен жем-азық өндірісін дамыту бағытында зерттеулер жүргізуде. 2 жыл ішінде ғалымдардың 13-тен астам нұсқаулығы жарық көрген. Мұндай инновациялық идея авторларының бірі – Бекет Иманқұлов.

Бекет Иманқұлов, «Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС аға ғылыми қызметкері:
– Нұсқау кітапшасындағы технология ешқайда әлі болған жоқ. Қазақстанда біз бірінші рет жасап шығардық. Қар басқанда жылқылар жайлауда жүре алмайды. Біз жаздың ортасынан бастап 5 мезгілде рапс пен сұлы егеміз.Жер қатып қар басқан кезде ол өседі де, жылқылар қыста соның үстінде жайылымда жүреді.

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту ел экономикасының қарыштап дамуына жол ашпақ. Сондықтан ауылшаруашылығы саласын дамытуға бағытталған тың технологияларға мемлекет тарапынан әрдайым қолдау көрсетілуде. Бұл ғалымдардың ізденуіне мүмкіндік беріп отыр.

Қанат Мыңжасов, «Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС директоры:
– Болашақта мен ойлаймын ауыл шаруашылығында  көп мәселелер шешіледі деп. Оған Елбасы да көп көңіл бөледі. Үкімет бюджеттен қаражат бөліп жатыр. Ауыл да гүлденеді. Мал болса, жұмыс болады.

Инеш Шоқақова