Қылмыс

Бір түнде 14 мая шөп күйді

Түнгі екі шамасында Соколовкада бірнеше өрт шықты. Құтқарушыларға төтенше жағдай жайлы дабыл үздіксіз бірінен соң бірі келіп түскен. Тілсіз жауды тұншықтыру үшін өрт сөндірушілердің барлық жедел көліктері тартылды. Абұйыр болғанда от адам өміріне еш кесірін тигізбеген. Тек 14 мая шөп күлге айналып, халықтың еңбегі зая кетіп отыр. Тәртіп сақшыларының өртті біреу қасақана қойды деген күдігі расталған. Себебі, жалынның әр үйде бір уақытта тұтануы мүмкін емес. Дегенмен қылмыскерді анықтау қиынға соқпады. Шөбі күйген азаматтар соңғы уақытта село малшысының еңбекақысын төлемей жүрген көрінеді, сөйтіп ол ауылдастарымен  осылай есеп айырысқан. Алайда жас малшы бұл қылығы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын білмеген сыңайлы.

Күдікті:
-Барлығы мал үшін айдың басында төлеп тұрады, ал бұл адамдар созып жүріп алады. Сол себепті олардан өшімді алмақшы болдым.

Өрттен келген залал жарты миллион теңге шамасында. Қоңыр күз болса келіп қалды.Жапа шегушілер шұғыл түрде мал азығын іздестіруде.

Эльдар Аллахверанов, Қызылжар АІІБ-нің учаскелік полиция инспекторы:
-Қазіргі кезде сезіктінің үстінен ҚР ҚК 187- бабына сәйкес яғни бөтен адамның мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.

Қылмыстық кодекстің бұл бабы бойынша күдікті 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Гүлден Сәрсенбаева