Қоғам

Жемқорлықпен күреске азаматтық сектор өз үлесін қоса алады



 

Бүгінгі таңда елімізде жемқорлықпен күрес бағытында ауқымды шаралар қолға алынып-ақ жатыр. Нәтижесі де жоқ емес. 2009 жылмен салыстырғанда жағдай біршама жақсарған. Халықаралық сарапшылардың бақылауы осыған саяды. Десек те, елімізде заңды белінен басып жүргендердің қатары әлі де азаймай отыр. Семинарға қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Соловьева үстіміздегі жылы мемлекеттік органдарда жүргізілген тексеріс қорытындысының көңіл көншітпейтінін айтады.

Айгүл Соловьева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Мемлекеттік органдарға 400-ден астам тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде 1876 заңбұзушылық анықталған. 14 бұйрықтың күші жойылды. 114 мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға тартылды. Тәртіптік кеңеске 800-ден астам шағым түскен. 172 мемлекеттік қызметші жазасын алды.

Көп ретте мемлекеттік қызметшілер пара алу, қызмет бабын асыра пайдалану тәрізді заңбұзушылықтарға жол береді. Атап өтетін жайт, біздің облыс жемқорлық заңбұзушылықтар бойынша көш ортасында келеді. Биыл қаржы полицейлері 66 қылмыстық іс қозғаған. 26 адам жауапқа тартылыпты.

Ғизат Абдрахманов, СҚО бойынша экономикалық қылмыстар және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары:
– Оның ішінде екеуі – аудан әкімдерінің орынбасарлары, біреуі – селолық округ әкімі, 2 – ішкі істер органдарының қызметкері, 1 – қылмыстық атқару жүйесінде, 4 – ұлттық компанияда еңбек ектен. Жыл басынан бері жемқорлық қылмыс үшін 21 адам сотталды. Осы жылы парақорлық фактісі бойынша 9 қылмыстық іс қозғадық.

Жемқорлықпен күрес жұмыстарын күшейту қажет деген пікірде жиналғандар. Бұл бағытта тәжірибеміз бар. Бірақ әлеуметтік зұлымдықтың тамырына балта шабу үшін барынша тиімді амалдарды ойластыру қажет. “Жемқорлықпен күрес жөніндегі заңды” жетілдірудің маңызы айырықша. Осы ретте аталмыш заңнамаға өзгретулер мен толықтырулар тұрақты түрде енгізілуде дейді Айгүл Соловьева. Тағы бір маңызды жайт – жемқорлықпен қоғам болып күресу қажет. Яғни, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар бірлесе қоян-қолтық жұмыс істесе, нәтиже де үлкен болмақ. Бұл орайда елімізде арнайы салалық бағдарлама әзірленді. Ол 2015 жылға дейін жүзеге асырылмақ.