Мәдениет

Жас қолөнершілер байқауы



 

Байқауға қатысушылар толықтай жұмыстарына берілген. Барлығы ойларын қағаз бетіне бүкпесіз түсіріп, суретті сөйлетуге ден қойған. Ортақ тақырып “Жыл мезгілдері”. Байқауға Қызылжар, Мағжан Жұмабаев, Тайынша және Петропавл мектептерінің  оқушылары тартылған. Барлығы 45 жеткіншек.


Марина Гладкая, ОБЖШО ғылым, техника және технология бөлімінің меңгерушісі:

-Биылғы жылы оқушылар мұғалімдердің көмегінсіз өздері еңбектеніп жатыр. Байқау шәкірттердің шығармашылық-эстетикалық қабілеттерін дамытуға, жас таланттарға қолдау көрсету мақсатында жыл сайын өткізіледі.

Он саусағынан өнер тамған жеткіншектің бірі қазақ мектеп-гимназиясының 8 сынып оқушысы Елтай Бекболатов. Түрлі маталар мен техниканы үйлесімді қолдана білген Елтай алтын күзді бейнелеуде.

Елтай Бекболатов, байқауға қатысушы:

-Мен бүгін күздің портретін істеп жатырмын. Әр түрлі заттар қолданылуда. Осы байқауға алғаш рет қатысып отырмын.

Жалпы байқау талаптары бойынша қатысушылардың жұмыстарына 3 сағат қарастырылған. Жас суретшілер бар өнерлерін салып, туындыларын түрлі-түсті ашық бояулармен көмкеріп, сәндеуде.

Зарина Оспанова, байқауға қатысушы:

-Мен өз жұмысымда түрлі-түсті қағаздар мен бояуларды қолдандым. Ал маталар суретіме сән бере түсті.

Облыстық байқау қортындысы бойынша бірінші орынға Елтай Бекболатов, Динара Салықова, Алина Анисимова мен Екатерина Голубова табан тіреді. Сонымен қатар қатысушыларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Жандос Наурызбаев