Қоғам

Фотосуреттер көрмесі

Фототуындылар бейнелеу өнері мұражайының екі бірдей бөлмесіне жайғасыпты. Суреттердің өмірге келу тарихы әрқилы. Бірақ арқау еткен тақырыбы біреу. Ол нәсілі, тілі, діні, жас ерекшеліктеріне жіктелмей, бірлігі жарасып, СҚО өмір сүріп жатқан халықтардың достығын айшықты етіп көрсете білген.

Қасымхан Абдоллаұлы, Қызылжар орталық мешітінің бас имамы:
-Рухани келісім күнінде өткізіліп жатқан шара өте жақсы ұйымдастырылған. Суреттер өте жақсы қойылған. Біздің елімізде қазіргі уақытта тұрақтылық, ынтымақтастық, татулық бар. Қаншама ұлттар мен ұлыстар тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

Байқауға барлығы өңіріміздің 15 фотосуретшісінің үздік деген 40-қа тарта еңбегі іріктеліп алыныпты. Еңбектеген сәбидің шат күлкісі мен еңкейген қарияның қуанышты сәтін фотокамералардың жасыра алмасы анық. Бұл еңбек 1-ші орынға лайық деп танылды. Авторы Василий Попов. Екінші орында крест шеруін ұтымды түсіре білген Николай Вельдяксов. Үздік үштікті муниципалдық телеарнаның операторы Анрей Воловиктің туындысы қорытындылады.

Андрей Воловик:
-Көпті көрген мейірімді атаның қолы немересін бар жамандықтардан қорғауға әзір. Мен осыны бейнелеуге тырыстым. Менің ойымды түсініп бағалаған жандарға алғысымды білдіремін. Негізінде фотосурет менің әуестігім ғана. Нағыз шеберлермен қатар бағалану мен үшін үлкен жетістік.

Ал бас жүлде “Уақыттан соң” атты суреті үшін Евгений Лукьяновқа берілді.

Евгений Лукьянов:
 – Мен бұл суретті үйлену тойында кездейсоқ түсіріп алыппын. Қол ұстасып жас жанұя құрушылардың алдында ұзақ уақыт бойы бақытты отбасын құрған аға буын өкілдері келе жатыр. Бұл тұста жастар мен қариялар арасындағы байланыс пен ұлттар достығы көрініс тапқан.  

Көрмені тамашалаймын деген петропавлдықтар мен қала қонақтары үшін облыстық өнер мұражайының есігі қазанның 18-мен 23 аралығында ашық болады.

Жеңіс Ермұқанов