Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жаңа саябақтар

 

 

 

 

Болатбаев және Шухов көшелерінің қиылысында қала тұрғындары демалатын шағын бақ пайда болды. Бұл – Петропавл ауыр машина жасау зауыты ұжымының петропавлдықтарға тартуы. Демалыс орнын абаттандыруға 3 млн. теңге бағытталыпты. Шағын бақта мүсіндік композициялар, жайлы орындықтар, спорттық және ойын кешендері орнатылған.

Қуаныш Бешімов, “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ бас директоры:
-ПЗТМ атынан тұрғындарға сыйлық жасап жатырмыз. Осы жерде біздің зауытта істеген, сонымен қатар қазірде істеп жатқан қызметкерлер тұрады. Бұл ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына тартуымыз.  

Жаңа шағын бақта бұл күні облыс әкімі Серік Біләлов болып, тұрғындармен тілдесті. Жұртшылық үйлерінің жанында демалыс орнының ашылғанына қуанышты.

-Жақсы болды. Балаларымыз ойнайтын болады. Өзіміз де демаламыз. Қаламыз көркейіп келеді.
-Енді көрші аулаларға барып ойнамаймыз. Өз үйіміздің жанынан саябақ ашылды. Осында ойнайтын боламыз.

Жаңа шағын бақта шырша, шетен ағаштары отырғызылды. Сонымен қатар бұл күні Болатбаев көшесінде тағы бір демалыс орны пайдалануға берілді. Бұл нысана қаражат қалалық бюджеттен бөлінген.

Қайролла Ғалеев,  “Коммунхоз ” МКК директорының міндетін атқарушы:
-Шағын бақта “Мексикалық төбешік” мүсіндік композициясы, 2 орындық орнатылған. Сондай-ақ баскетбол алаңы бар. 400 шаршы метр аумаққа кеспетас төселді.

Келесі жылы шағын бақта ойын кешенін орнату көзделген. Ал Жамбыл және Мүсірепов көшелерінің қиылысындағы демалыс орнын “СевКазЭнерго” кәсіпорны абаттандырған. Бұл жерді көріктендіурге 6 млн. теңге жұмсалыпты. Шағын баққа кеспетас төселіп, шамдар, орындықтар орнатылыпты. Сондай-ақ Батырлар мүсіні қойылған. Көгалдандыру жұмыстарына да үлкен мән беріліп, гүлдер, алма және шетен ағаштары отырғызылыпты. Жалпы соңғы екі жылда облыс орталығында отызға жуық шағын саябақ пайда болған.

Айымгүл Әбілева