Ақылбай Сейдахмет кәмелеттік жасқа келісімен алдымен Отан алдындағы борышын өтеуді жөн деп санайды. Азаматтық міндетін орындау үшін бозбала өз еркімен әскери комиссариатқа келіп отыр.
Ақылбай Сейдахмет, әскерге шақырылушы:
-Тәуелсіз Қазақстан мен сияқты жастарға бар мүмкіндіктер жасап отыр. Мен өз кезегімде өз еркіммен әскерге шақыртылып отырмын. Елімнің тыныштығы – менің тыныштығым. Міндетімді абЫройлы орындауға тырысамын.
Ақылбай сынды жігерлі жастардың мақсаты орындалу үшін құр талпыныс аздық етеді. Әскер қатарына алынбас бұрын олар міндетті түрде бастан-аяқ тексерістен өтулері тиіс. 11дәрігер денсаулықтарының жарамдығын байқайды. Арнайы сынақ сұрақтары арқылы ой-өрістерінің деңгейі анықталады. Нәтижесінде тепсе темір үзе алатын, шымыр денелі, денсаулығы болаттай берік, сұңғақ бойлы Ақылбай Сейдахмет сынды барлығы 15 жерлесіміз бетке ұстар әскери құрылым – Республикалық ұланға таңдалды. Жалпы күзгі әскерге шақыру науқанында 600-ден артық солтүстікқазақстандық еліміздің Қарулы күштерінің қатарын толықтыратын болады. Оның 20-сы әуе қорғанысына іріктелмек. 1 жыл бойы бейбіт Аспанымыздың тыныштығын қорғайтындардың алғашқы легі қазанның 19-ы күні борыштарын өтеуге аттанып кетпек. 70-сі ел шекарасының сақтығын күзетсе, 250-і қарулы күштер, 25-сі ТЖМ-ге жүктелген міндеттерді абыройлы қорғамақ. Енді бір тобы ішкі әскерге қабылданады.
Жеңіс Ермұқанов