Қоғам

Солтүстікқазақстандық 15 жігіт Ұланда қызмет етеді

 

Ақылбай Сейдахмет кәмелеттік жасқа келісімен алдымен Отан алдындағы борышын өтеуді жөн деп санайды. Азаматтық міндетін  орындау үшін бозбала өз еркімен әскери комиссариатқа келіп отыр.

Ақылбай Сейдахмет, әскерге шақырылушы:
-Тәуелсіз Қазақстан мен сияқты жастарға бар мүмкіндіктер жасап отыр. Мен өз кезегімде өз еркіммен әскерге шақыртылып отырмын. Елімнің тыныштығы – менің тыныштығым. Міндетімді абЫройлы орындауға тырысамын.

Ақылбай сынды жігерлі жастардың мақсаты орындалу үшін құр талпыныс аздық етеді. Әскер қатарына алынбас бұрын олар міндетті түрде бастан-аяқ тексерістен өтулері тиіс. 11дәрігер денсаулықтарының жарамдығын байқайды. Арнайы сынақ сұрақтары арқылы ой-өрістерінің деңгейі анықталады. Нәтижесінде тепсе темір үзе алатын, шымыр денелі, денсаулығы болаттай берік, сұңғақ бойлы Ақылбай Сейдахмет сынды барлығы 15 жерлесіміз бетке ұстар әскери құрылым –  Республикалық ұланға таңдалды.  Жалпы күзгі әскерге шақыру науқанында 600-ден артық солтүстікқазақстандық еліміздің Қарулы күштерінің қатарын толықтыратын болады. Оның 20-сы әуе қорғанысына іріктелмек. 1 жыл бойы бейбіт Аспанымыздың тыныштығын қорғайтындардың алғашқы легі қазанның 19-ы күні борыштарын өтеуге аттанып кетпек. 70-сі ел шекарасының сақтығын күзетсе, 250-і  қарулы күштер, 25-сі ТЖМ-ге  жүктелген міндеттерді абыройлы қорғамақ. Енді бір тобы ішкі әскерге қабылданады.

Жеңіс Ермұқанов