Қоғам

Қызылжарлықтар ауылды дамыту акциясын қорытындылады

«Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» акциясы – ақтөбелік жастардың игі бастамасы. Елді мекендерді көгалдандырып, абаттандыруды көздейтін шараға алғашқылардың қатарында солтүстікқазақстандықтар үн қосқан болатын. Көпшіліктің қолдауына ие болған кең ауқымды акциядан Қызылжар ауданының жастары да шет қалмады. Бүгін олар осы жылы атқарылған жұмыстың қорытындысын шығару үшін бас қосып отыр. Залға жиналғандар – туған ауылының тағдырына бей-жай қарамайтын кейінгі буын өкілдері. Олар акцияға барынша белсенді қатысып, елді мекендерді гүлдендіру үшін білес сыбана жұмыс істеген.

Арман Бердағұлов, «Нұр Отан» ХДП Қызылжар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
-Біздің ауданда 41 жасақ жұмыс істеді. Мыңнан артық қызылжарлық жас акцияға қатысты. Нәтижесінде жеті мыңнан астам көшет отырғызылып, 40 мың шаршы метрден аса аумақ тәртіпке келтірілді. Қуантатын жайт, бұл акцияны көптеген оқушылар қолдап, белсенді түрде атсалысты.

Еңбек жасақтары ауданның барлық мектептерінде құрылыпты. Оқушылар жаз бойы ауылдардың маңайын, көлдердің жағалауы мен ормандардың ішін қоқыстан тазартқан. Ағаштар отырғызып, соғыс және еңбек ардагерлеріне көмек көрсеткен. Жас өрендердің бұл еңбегі еленбей қалмады. Жиында аудан әкімі Виктор Редин әрбір жасаққа диплом, ал олардың жетекшілеріне бағалы сыйлық табыс етті.

Айымгүл Әбілева