Қоғам

Петропавлға Норвегияның кәсіптік оқыту саласы мамандары келді

 

 

 

Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі облысымыздағы ең сапалы орта кәсіптік білім беретін мекемелердің бірі саналады. Бүгінгі таңда мұнда 17 мамандық бойынша 1743 студент білім алуда. Ал олардың көп бөлігі технология және құрылыс бөлімінде оқиды. Колледждегілер жаңа жоба білім сапасын жақсартып, жұмысымызды тың жүйеге салады деп отыр.

Гауһар Қисаева, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің әдіскері:
-Бағдарлама Қазақстанда 2004 жылы іске қосылған еді. Оның алғашқы пилоттық жобасы Өскемен мен Қостанайда жүзеге асырылып үлгерді. Біздің оқытушылар олардың семинарларында болды. Жаңа оқыту жүйесі бізге де ұнап, енді міне, оны өзімізде қосайық деп шештік.

Жаңа бағдарламаның артықшылықтары мол. Әсіресе, оның «2+2» принципі студенттер қауымы үшін өте ұтымды. Бұл жүйе бойынша студенттер 2 жыл теориялық білім алса, 2 жыл сол түйгендерін тәжірибе жүзінде шыңдайды. Ал ол үшін колледж ұжымы қаладағы барлық техникалық және құрылыс кәсіпорындарымен өндірістік тәжірибе жөніндегі келісімге тұруы керек. Яғни, жас маман оқуының соңына дейін тәжірибиесін ұштайды. Есесіне дипломын алған кезде, жұмысты да жылдам алып кететін болады.

Уле Имсланд, норвегиялық «RKK» қорының басқарушы директоры:
-Біз Қазақстанмен одан әрі тығыз байланыс орнатқымыз келіп отыр. Сол себепті Солтүстік Қазақстан облысына келіп отырмыз. Жалпы сіздерден кейін Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарын аралау жоспарымызда бар. Білім жүйесімен танысып, шаруашылық орындарын аралаймыз. Еңбек нарығындағы сұранысты зерттейміз.

Норвегиядан келген қонақтар СҚО білім мекемелерімен танысып болған соң студенттер тәжірибе жинайтын кәсіпорындарды араламақ,   колледжде жаңа жобаны дұрыс енгізуге септеспек.

Гүлден Төлеген