Қайырымдылық

Ардагерлерге жастар қамқорлық жасауда

Анастасия Шаламова Чайкина көшесіндегі 140-шы үйде жалғыз тұрады. Жасы 60-ты  еңсерген қарияның үй шаруасына күші жете бермейді.  Әрі осыдан бірер жыл бұрын инсульт алған екен. Содан бері денесінің оң жағы жансызданып қалған. Дегенмен, тыным тауып отырғанды жақтырмайтын Анастасия Шаламова көрші-қолаңның көмегімен бақшасындағы картопты жинап қойыпты. Ал жерді ендігі жылға қопсытуға әлі жетпей, амалы құрып отырған еді. Осы сәтте зейнеткер «Қамқор – забота» акциясын еске алып, қала жастарының көмегіне жүгінген.

 

Анастасия Шаламова, зейнеткер:
-Жалпы осы акция аясында мен 2-ші рет көмек алып отырмын. Бұның алдында олар маған 2009 жылы келген еді. Жастардың ересектерге осындай қамқорлық білдіруі өте қуанышты.

«Қамқор – забота» шарасы аясында көмек тек жалғызбастыларға және мүгедек жандарға көрсетіледі. Бүгінде осындай қолдауды қаламыздағы 40 аға буын өкілі қажет етіп отыр.

Рустем Байжанов, «Петропавл қаласының ішкі саясат бөлімі» ММ бас маманы:
-Акцияға қаламыздың барлық колледждерінің студенттері тартылған. Олар осындай көмекті қажет ететін қариялардың үйіне барып шаруаларына көмектеседі. Жалпы біз баруға тиіс аға буын өкілдерін қалалық ардагерлер кеңесі мен жұмыспен қамту бөлімі анықтайды. Себебі дәл сонда жалғызбастылар мен мүгедек жандар тізімі бар.

Жастар  қарияларға қамқорлық танытуды өз парызы деп түсінеді. Оның үстіне, бабаларымыздың мынадай ұлағатты сөзі бар емес пе: Атаңа не қылсаң алдыңа сол келер деген.

Ақан Дайеркен, М. Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінің студенті:
-Жастар қаламыздың тұрғындарына келіп, көмектесіп, қарт адамдарға қол ұшымызды беріп, тағы да акцияларға қатысуға дайынбыз.

Акция күздің соңына дейін жалғаспақ.

Гүлден Төлеген