Құқық қорғау органдары

Қараусыз қалған балалар

3 жасар Данил әке-шешесін бір аптадай көрмепті. Бүлдіршін сол уақыттан бері бейтаныс біреудің үйінде тұрған. Баланы өз қолына алушы әйел анасының танысы көрінеді. Оның айтуынша Данилдың шешесі оны бір-екі сағатқа тапсырып кеткен. Алайда содан бері бірнеше тәулік өтіпті. Баланың анасы баласын әкету үшін қайтып оралар емес. Енді Данил кәмелеттік жасқа толмағандарға арналған бейімдеу орталығында отыр. Полицейлер  баланың ата-анасын іздеу үстінде. Тәртіп сақшылары бұл іске қатысты көмектесе алатын азаматтарды 39-48-65, 33-29-17 нөмірлері бойынша хабарласуын өтінеді.  
Ал бейімдеу орталығында тұрып жатқан екі бала туралы мүлдем ештеңе белгісіз. Панасыз қалған бүлдіршіндер жайлы полицияға 90 жастағы зейнеткер хабарлаған. Қария бұл балдырғандардың оның үйіне қалай келгенін білмейді.  Тексеріс барысында полиция қызметкерлері бұл екі баланың анасын анықтады. Ол Петропавл қаласының тұрғыны екен. Оның бұдан басқа тағы екі бүлдіршіні бар болып шықты. Олар интернатта ер жетіп жатқан көрінеді. Аналары Даяна мен Мадиді орталықтан әкетуге асығар емес. Бүгінгі таңда бейімдеу орталығында кәмелеттік жасқа толмаған 16 бала бар. Оның 5-уі ата-ана қамқорынсыз қалғандар. Жалпы ағымдағы жылдың мамыр айынан бері ол жерді 86 бүлдіршін паналапты. Олардың 22-і жетім балалар интернатына ораналастырылған.

 Гүлден Төлеген