Қоғам

Петропавл газсыз қалуы мүмкін



Қаланы көгілдір отынмен қамтамасыз етуге қатысты мәселе өткен жылы да туындаған еді. Ол уақытта бар гәп – жеткізілетін газ көлемінің аздығында болатын. «Теңізшевройл» компаниясы өнім экспортына басымдық бергендіктен осындай жағдай орын алды деп түсіндірген еді. Ал биыл мәселе мынада – көгілдір отын үшін “Горгаз -сервис” ұсынып отырған бағаны “Теңізшевройл” тым төмен, бәсекеге қабілетсіз деп тапқан.

Юрий Шишкин,”Горгаз-сервис” ЖШС директоры:
-Біздің компания “Теңізшевройлмен” 2005 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Айту керек, олар газды тендерлік аукцион арқылы сатады. Қыркүйек айына дейін көгілдір отын бағасы тұрақты болды. Бір тонна газды – қосылған құн салығын есепке алмағанда 63 мың 130 теңгеге алып келдік. Қазан айында бір тонна үшін 66 мың 3 теңге ұсынғанымызбен біз тендерді ұтып ала алмадық. Қараша айында бағаны 70 мың 700 теңгеге көтердік. Десек те, бұл бағаны да бәсекеге қабілетсіз деп ұйғарды.

Бүгінгі күні нарықта газдың бір тоннасы – 90 мың теңге шамасында. Ал “Горгаз-сервистің” көгілдір отынды аталған бағамен алатын жағдайы жоқ. Осы күні кәсіпорынның шығыны 42 млн. теңгеге жетіпті. Қазірде облыс орталығына газ тасымалдау тоқтаған. Ал қордағы көгілдір отын қарашаның аяғына дейін ғана жетеді. Мәселені шешуде көмек көрсетуді кәсіпорын директоры облыс басшылығынан сұраған.

Юрий Шишкин,”Горгаз-сервис” ЖШС директоры:
– Бүгінде облыс әкімінен Премьер-Министрдің атына хат дайындалып жатыр. Бізге тұрақты баға керек. Керісінше болған жағдайда амалсыздан тарифті көтереміз. Егер мәселе оң шешілсе , газ бағасы өспейді.

Сөйтіп, Үкіметтің араласуымен мәселе оңтайлы шешімін таппаса, тарифті өсіруге өтініш беруге мәжбүр боламыз дейді кәсіпорын директоры. Айту керек, көгілдір отынның бағасы биыл мамыр айында ғана жиырма үш пайызға көтерілген болатын. Қазірде тұрғындар бір текше метр үшін 396 теңге төлейді. Егер жуық арада түйіткіл шешілмесе, бұл баға тағы 20 пайызға өсуі мүмкін. Сондықтан жұртшылық аса алаңдаулы.

-Әрі қарай қалай өмір сүрмекпіз. Бәрі қымбаттап жатыр. Алатын зейнетақымыз жетпейді.
-Енді не істейміз. Осы күні бәрі қымбаттап кетті ғой. Амал жоқ. Көнеміз.  

Мәселенің қай тараптың пайдасына шешілерін енді уақыт көрсетпек.

Айымгүл Әбілева