Аптадағы маңызды жаңалықтар

Назарбаев интеллектуалдық мектебінің іргесі қаланды

 

 

Назарбаев интеллектуалдық мектептері Елбасының тапсырмасы бойынша республика көлемінде салынып жатыр. Елімізде осындай 20 мектеп бой көтермек. Олар үздік жоғары оқу орындарына дарынды балаларды дайындайтын негізгі базаға айналмақ.

Серік Біләлов ,СҚО әкімі:
-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарабаев жыл сайынғы Жолдауында білім жүйесін жетілдіру мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында облыста Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің интеллектуалдық мектебінің құрылысын бастап жатырмыз. Жаңа мектептен озық білімді оқушылар мен түлектер шығады деп сенемін.

Өңірімізде Назарбаев интеллектуалдық мектебі Береке шағын ауданында бой көтермек. Химия-биология бағытындағы білім ошағы 720 орынға шақталған. Интеллектуалдық мектептің алғашқы кірпішін облыс әкімі мен бас мердігер кәсіпорын – «BAUR Kazakhstan» АҚ басқарушы компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы қалады. Назарбаев интеллектуалдық мектебі қазіргі заманғы инновациялық оқу орны болмақ. Білім ошағында 68 оқу сыныбы, спорт, тренажер, хореография залдары , бассейн,  оранжерея, жылыжай қарастырылған. Сондай-ақ мектепке дейінгі білім беруге 72 орын бөлінбек. Бас мердігер компания өкілдері жаңа білім ошағын бір жылдың көлемінде салып бітіреміз деп отыр.

Абай Жүнісов, “BAUR Kazakhstan” АҚ басқарушы компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы:
-12 ай көлемінде салып бітіреміз. Талап жоғары. Өзгеше мектеп. Осы жердегі мердігерлерге қол ұшын беруге дайынбыз. Осы жердегі жұмыскерлерді жұмысқа алуға дайынбыз.

Назарбаев интеллектуалдық мектебін салуға республикалық бюджеттен 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

Айымгүл Әбілева