Білім

«Мұрагер» олимпиадасы

 

 

 

Білім сайысы Ел тәуелсізідігінің 20 жылдығы мен жерлес ақын Еслям Зікібаевтың 75 жылдық мерейтойына арналып отыр. Облысымыздың әр ауданынан келген 33 оқушы қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша алған білімдерін тексеруде.

Балғаным Оспанова, СҚ педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының аға оқытушысы :

-«Мұрагер» олимпиадасының мақсаты Қазақстан Республикасының заңдылықтары, экономикасы мен саясаты туралы ой қозғату. Қазақ тілінен жастардың білімдерін тереңдету. Сонымен қатар Қазақстанның нағыз патриоты болуға тәрбиелеу.

9 және 11 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған білім додасы 4 кезеңнен тұрады. Бірінші – сырттай тур, екіншісі – жазбаша жұмыс болса, үшінші кезең – ауызша өтеді. Осы үш турдың қортындысы бойынша ұпай санымен суырылып шыққан оқушылар, пікір – талас сайысына қатыспақ. Аталмыш додада өз білімін сынауға келген оқушылардың бірі Арман Қабдуәлиев.

Арман Қабдуәлиев, сайысқа қатысушы:

-Мен Жамбыл ауданы, Озерное мектебінен келіп отырмын.Мен ауданда бірінші болып, осы облыстық олимпиадаға бірінші рет қатысып отырмын.

Ал Шал ақын ауданының ұстаздары «Мұрагер» олимпиадасына үш шәкіртті әкелген. Олар аудан көлемінде өткізілген шарада бірінші орын алып, облыстық сайысқа қатысып отыр.

Гүлмару Әбдірахманова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Шал ақын ауданы:

-Бұл олимпиаданың қазақ балаларына берер мүмкіндігі мол. Себебі қазақ балалары біріншіден орысша ойлап, кейін қазақша айтады. Көп балалар осы олимпиадаға қатысуға талпынып,өзінің ана тілін меңгеруге зор талпыныс білдіруде.

Жетінші облыстық «Мұрагер» олимпиадасында үздік деп танылған оқушыларға дипломдар мен сыйлықтар табыс етілмек.