Қоғам

Күзгі әскерге шақыру науқаны басталды

Бұл жолы әскери қызметке алдымен шақыру мерзімі бойынша ересектер алынбақ. Бірінші кезекте Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебінде әскери мамандықтар бойынша дайындықтан өткен, сондай-ақ, жоғары білімі бар азаматтар ілігуде.

Дулат Ғабдуллин, Петропавл қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы:
-Бірінші мерзімде Қарулы күштерді толықтырып жатырмыз. Сонымен қатар Республикалық Ұланның қатарына біздің облыстан 15 азамат шақыртылып, алтауы Петропавл қаласынан командаға енді. Одан кейін шекара әскерлері қатарына және МЧС, сосын ішкі әскер қатарына шақырамыз.

Облысымызда биыл күзгі әскер қатарына шақыру науқанында 650 жас азамат ҚР Қарулы Күштерінің сапына қосылмақ. Олардың 110 Петропавл қаласынан болса, басым бөлігі аудандардан. 60 бозбаладан жасақталған алғашқы топ 19 қазанда аттанады деп жоспарланып отыр. Республикалық Ұлан қатарында әскери борышын өтеуге аттанғалы жатқандардың бірі – Бауыржан Нұрғалиев.

Бауыржан Нұрғалиев, әскер қатарына шақырылушы:  – ҚР Конституциясының 36 – ншы бабында әрбір азамат  Отан алдындағы өз борышы мен парызын өтеуі тиіс деп көрсетілген. Мен міне қалалық және облыстық әскери комиссариаттан өтіп, ҚР Қару күштері қатарында қызмет етуге дайынмын.

Шақыру комиссиясы мен медициналық құрам ер азаматтардың қабілетіне, денсаулығына, біліміне және отбасылық жағдайына баса назар аударуда. Өткен жылмен салыстырғанда, Отан алдындағы борышын өтеймін деген азаматтардың қатары көбейіп келеді, дейді медицина қызметкерлері.

Татьяна Дегтерева, медициналық комиссия мүшесі, терапевт:

 

-Комиссия жұмысы белсенді түрде басталды.Азаматтарымыздың барлығы әскер қатарына қосылғысы келеді. Тіпті, біздің қойған диагноздарымызбен келіспей жататын жайттар да орын алуда.

Әскер қатарына шақыру науқаны ҚР Қорғаныс министрі бекіткен жоспарға сәйкес желтоқсан айына дейін жалғасады.

 
Жандос Наурызбаев