Қылмыс

Жол полициясы қызметкерлеріне шабуыл жасалды

 

 

 

 

Таңғы сағат 5 шамасында жол полициясының экипажы Уәлиханов көшесінде кезекшілікте жүріпті. Осы уақытта «Эльдорадо» түнгі клубының жанындағы тұрақтан «Фольксваген» көлігі шығып, қарсы бағыттағы жолға бет алған. Жүргізуші оны тоқтатпақ болған инспекторға мән берместен, жылдамдықты асыра түскен. Полиция ізіне түскен соң ғана ереже бұзған көлік иесі тежегішін басқан. Жол полицейлерінің күдігі расталды. Рульдегі адам мас болған, тіпті оның көлік жүргізуге рұқсат беретін құжаттары болмай шықты.

Арман Тілеумбетов, СҚО ІІД ЖПБ инспекторы:
-Жүргізушіден ішімдік исі сезіліп тұрды. Біз оны патрульдік көлікке отырғызбақ болғанда ол қарсылық көрсетті.

Жол полицейіне бағынбаған жүргізушіге көліктегі бес жолаушы көмекке келген. Ішімдікке тойып алған олар полицейлердің иық және төсбелгілерін жұлып алмаққа әрекет еткен. Бұл кезде оқиға орнына тағы 2 жол полициясының экипажы жетіп үлгерді. Осы уақытта жолаушылардың бірі тәртіп сақшысының қолындағы ұялы телефонды жұлып алып қаша жөнелген.

Арман Тілеумбетов, СҚО ІІД ЖПБ инспекторы:
-Мен оны тоқтатып, телефонымды алып қойдым. Осы кезде ол маған белгісіз затпен соққы жасады. Кейін белгілі болғандай ол сыра шөлмегінің сынығы болып шықты.

Жарақат алған тәртіп сақшысы қалалық ауруханаға жеткізілді. Заңбұзушылардың барлығы да құрықталды. Осы күні күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр. Бүгінде өкімет өкіліне күш көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Айыпты 5-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Айымгүл Әбілева