Аптадағы маңызды жаңалықтар

Астана қаласында Солтүстік Қазақстан облысының мәдениеті күндері мәресіне жетті

 

Тәуелсіз Қазақстан өзінің 20 жылдық мерейтойын экономикасы дамыған, әлеуеті өскен мемлекет ретінде қарсы алып отыр. Еліміздің дамып, іргесінің бекуіне СҚО да басқа өңірлер сияқты сүбелі үлес қосты. Сәулеті мен әсемдігі жарасқан Елорданың Бейбітшілік және келісім сарайында өткен көрмеде Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау өңірлерінің жетістіктері тізілді. Облыстардың әр саласының толағай табыстары паш етілген көрмені Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аралады. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләлов Президентті өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижелерімен таныстырды. Астықты өлкеде республикадағы ауыл шаруашылық өнімдерінің 12 пайызы өндіріледі. Бұл саладағы табыс 1994 жылмен салыстырғанда 16 есеге ұлғайған. СҚО – еліміздің астықты аймағы. Осы жылы ел тарихында бұрын- соңды болып көрмеген бітік егін шықты. Бүгінде бадана дән бастырған ауыл еңбеккерлері тәуелсіздіктің 20 жылдығына лайықты тарту жасады. Соңғы бес жылда жергілікті агроқұрылымдар 95 млрд теңгеге өнімділігі жоғары 9 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын алған.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– 8 миллион тоннадан артық бидай бастырдық, гектарынан 21 центнер алдық.

Соңғы үш жылда сыйымдылығы 200 мың тонна болатын 11 элеватор салынды. Облысымыз өткен жылы құрылысы басталған тың жоба “Биоплант флора” органикалық минералды тыңайтқыштар  өндіретін зауытқа үлкен үміт артып отыр. Бүгінде негізгі жұмыстар тындырылуға тәмам. Кезекті орақ науқанына дейін іске қосу жоспарланған. Зауыттың қуаттылығы жылына 60 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Біз биыл облыстың әр ауданында 10 мың га алқапта тәжірибе жасап көрдік. Зауыт шығаратын тыңайтқыштардың көмегімен гектар берекелігі үш есеге жуық артты. Ғалымдар сапасының кілегейлілігінің де әлдеқайда жақсарғанын дәлелдеді. Зиянкестер мен аурулар да заманауи дәрі себілген алқаптарда өте сирек кездесті. Жоқтың қасы десе де болады.

Мемлекет басшысы жобаның өміршеңдігін айтып, мемлекет тарапынан қолдау болатынын жеткізді. Президент биылғы жолдауында 2016 жылға дейін мал шаруашылығын дамытып, жылына 60 мың тонна етті экспорттауды тапсырған болатын. Сондай-ақ ішкі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жүктеді. Осы бағытта СҚО-да  ауқымды істер қолға алынуда. Өңірде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға бағытталған бірнеше инновациялық жоба іске асып жатыр. Елбасына солардың бірі көрмеге қойылған “Зенченко и К” коммандиттік серіктестігінің сүт кешенінің жұмысы көрсетілді. 800 басқа шақталған заманауи мал қораларына Канада елінен жоғары өнімді гольштинфриз тұқымды сиырлары әкелінді. Өндіріс көлемі 476,8 млн. теңге. 100-ден артық ауылдық тұрақты жұмыспен қамтылған. Биыл облыстағы 58 мың ірі қара мал қатары тағы 10 мың асыл тұқымды зеңгі баба төлдерімен толығатын болады. Соңғы бес жылда өнімділік пен сапаны арттыру үшін 4 млрд.теңге, асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау үшін – 854,4 млн. теңге бөлінді. Солтүстікқазақстандық өнеркәсіп те егемендік алған 20 жылда 60 пайызға өсіп, биыл өндіріс өнімділігін 63 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған. Оның жартысынан астамы ауыр машина жасайтын зауыттардың үлесінде

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Бүгінде біздің облысымыз 30 млрд теңгенің тапсырысын алды. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына Солтүстік Қазақстан облысынан құны 28,5 млрд. теңге болатын 15 инновациялық жоба енгізілді. Оның 10-ы өткен жылы іске қосылды. Биыл өңірде 13 млрд. теңгенің тағы 4 жобасы қолға алынды.  

Жалпы СҚО әлемнің 60-тан астам елімен екі жаққа тиімді түрлі байланыс орнатқан. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жалғайтын енді бір әлеуметтік жоба  – “Бизнестің жол картасы -2020” бағдарламасы. Біздің облысқа бұл бағытта 1 млрд. 328 млн теңге бөлінді. Осы күнге дейін 144 кәсіпкер аталмыш бағдарлама аясында қаржылай қолдауға ие болды. Елбасына сондай-ақ “Киров атындағы зауыт” АҚ отандық сандық телеарналар сигналын таратудың жаңа жобасы ұсынылды. Бас қаладағы көрмеге өңіріміздің тамақ өнеркәсібі де өздерінің тың жобаларымен бөлісуге келіпті. “Фрегат” ЖШС ет, шұжық өнімдері мен жартылай фабрикаттың 80-н артық түрін шығарады екен.

Арман Ешкеева, “Фрегат” ЖШС менеджері:
– Біздің өнім жоғары сапалы. Халықаралық талаптарға жауап береді. Петропавлдан басқа Алматы, Астана Семей, т.б. қалаларға шығарылады. Күніне 4 мың тонна дайын өнім өндіріледі. Бұл жеткілікті.

Өңірде 103 мың адам еңбек ететін, 21 мыңнан астам белсенді шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді. Әлеуметтік салада назардан тыс қалмайды. Жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын құру картасы әзірленген. 20 жылда 36 мектеп пен 32 аурухана ашылыпты. Былтыр ғана 180 мектепке дейінгі шағын орталық пен 5 балабақша есігін айқара ашты. Солтүстікқазақстандықтардың денсаулығынада үлкен көңіл бөлінеді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Ана мен бала өлімі азайды. Бала туу көрсеткішін жоғарылату үшін “Ұрпақ” қоры атты бірегей жоба қолға алынды. 4-ші сәби дүниеге келгенде отбасындағы барлық балаға 226 мың теңгеден депозит ашылады. Аударылған қаржы бала кәмелеттік жасқа келгенше өсе береді. Бүгінде 400-ге жуық отбасы осы жобаның қатысушысы атанды.

Денсаулығы мықты елдің өзі мықты. Президент соңғы жолдауында қазақстандықтардың кемінде 30 пайызын бұқаралық спортқа тартуды жүктеген болатын. Былтыр өңірдің майталман спортшылары Азия, Әлем біріншіліктерінен 24 алқа еншілепті. Ел тәуелсіздігін алған жылы Ұлттық құрама сапында 11 жерлесіміз ғана болса, биыл көк тудың астында 259 солтүстікқазақстандық бақтары мен баптарын сынап жүр. Көрмеде ұсынылған бар жаңашылдыққа оң бағасын берген Елбасы кейін үш облыстың шығармашылық ұжымдары қойған галаконцертті тамашалады.
Шырайлы өңірден келген жезтаңдай әншілер мен мың бұралған бишілер 2 сағат бойы Бейбітшілік және келісім сарайындағы сахна төрін ән-күйге бөледі. Өңіріміздің өнер ұжымдары «Есіл» қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің  сүйемелдеуімен жергілікті композиторлар мен әлемдік классиктердің шығармаларын орындады, өнерсүйер қауымның назарына түрлі халықтардың билерін ұсынды.
Бұл шараларға өнерлі де шежірелі өңірден шыққан мәдениет, өнер және әдебиет майталмандары қатысты. Мерекелік ән-шашу думанының соңында өнер майталмандарына ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атынан ықылас гүл шоғы ұсынылды. Астаналықтар мен бас қала қонақтары концерттен айыздары қанып шықты. 75 жылдық бай шежіресі бар, табиғаты көркем, аққайыңдар өлкесі саналатын астықты өңірдің басты байлығы бірлігі жарасқан еңбекқор халқы бар. Экономикалық қарыштап дамыған СҚО-ның бүгінгі тынысы осындай. Елбасы, сәулетті де дәулетті Астана шаһарының тұрғындары мен бас қала қонақтары мәдени күндер аясында осыған тағы бір көз жеткізді. Дегенмен алда көптеген міндеттер мен ауқымды істер күтіп тұр. Ендеше Елбасы жүктеген тапсырмаларды мүлтіксіз орындап келе жатқан әр солтүстікқазақстандық туған жерінің дамуына сүбелі үлесін қоса бермек.

Жеңіс Ермұқанов