Билік

“Нұр Отан” ХДП депутаттар фракциясының отырысы

 

 

 

 

Солтүстік коллекторда апат шілде айында орын алған болатын. Жаңа құбыр төсеуге республикалық бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлінді. Тамыз айының аяғында басталған жөндеу жұмыстары бүгінде кестеге сай жүріп жатыр дейді энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасындағылар. Бас мердігер – «СК Максимум» ЖШС. Бұдан өзге жөндеу жұмыстарына қосымша төрт кәсіпорын тартылған.

Антон Федяев, СҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы:
-Коллектордың жалпы ұзындығы – 4,7 км. Бүгінгі күні 1 шақырымнан астам құбыр төселді. Алдағы уақытта күніне 100 метр төсеу көзделіп отыр. Сөйтіп, бір ай ішінде үш шақырым құбырды ауыстырамыз. Құм жеткізуде бірқатар қиындықтар туындаған болатын. Бүгінде бұл мәселе шешілді.

Бүгінде құбыр төсеу жұмыстарына тағы бір мердігерді тарту мәселесі шешілуде. Келісім бойынша нысан желтоқсанның жиырмасына дейін қолданысқа берілуі тиіс. Сондықтан мұнда жұмыс түнгі уақытта да жүруде. Жиынға келгендер құбыр ауыстырылып жатқан аудандардағы жолдардың қай уақытта жөнделетінін сұрастырды. Депутаттар бұл жөнінде тұрғындарды уақытында хабардар етуді ұсынды. Отырыста қаралған тағы бір маңызды мәселе – Алтынсарин көшесіндегі 320 орынға шақталған жаңа балабақшаның құрылысы. Бүгінде нысан басындағы шаруа кенжелеп қалған.

Серік Махметов, СҚО құрылыс басқармасы бастығының орынбасары:
-Нысанда бүгінгі күні 23 тас қалаушы еңбек етіп жатыр. Кесте бойынша 50 адам болу керек. Бірінші қабаттың кірпіші қазанның 18-не дейін, ал екінші қабаттікі –  қарашаның 10-на дейін қаланады деп жоспарланып отыр. Жылу трассасы – қазанның онына дейін, электр желісі – қазанның жиырма бесіне дейін тартылмақ. Ал аумақты абаттандыру жұмыстарын мердігер 10 қарашаға дейін аяқтаймыз деп отыр.  

Жоспар бойынша балабақша желтоқсан айында тапсырылуы тиіс. Ал бүгінде бөлінген қаржы уақытында игерілмей жатыр. Сондықтан жұмыс қарқынын арттыру қажет. Депутаттар бұл мәселені қатаң бақылауға алу керек деп шешті. Жиында сонымен қатар облыс орталығын абаттандыру мәселесі де талқыланды. Бүгінде қалада көптеген көшелер қазылып жатыр. Бұл коммуналдық кәсіпорындар жүргізген жұмыстардан кейінгі көрініс. Осыған орай қалалық әкімдіктегілер тиісті шараларды қолға алған. Үстіміздегі жылы коммуналдық кәсіпорындарға үш жүз мың теңге көлемінде айыппұл салыныпты.

Айымгүл Әбілева