Бизнес және экономика

Облыстың 9 айдағы экономикалық дамуы

 

Үстіміздегі жылғы қаңтар-тамыз айларында  5646 солтүстікқазақстандық дүниеге келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 208 адамға артық. Биыл отау құруға ниет танытқан жастардың да саны артқан. Жыл басынан 3 102 жұпқа неке куәлігі табысталыпты. Өңірдегі экономикалық салаларда да тапсырыс пен өнім көлемінің ұлғайғандығы байқалады.

Гүлзиян Ізбасова, СҚО статистика департаменті бастығының орынбасары:
– 2011 жылғы қаңтар-қыркүйегіндегі ауылшаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 227,2 млрд теңгені құрады. Соның ішінде өсімдік шаруашылығы – 164,8 млрд теңге. 2011 жылғы қаңтар-қыркүйекте 241 жаңа ғимараттың құрылысы аяқталды.

Облыс бойынша соңғы 9 айда 191 тұрғын үй мен 50 тұрғын үйге жатпайтын ғимарат тапсырылды. Олардың дені аудандарда бой көтерген. Өңірлік машина жасаушы кәсіпорындардың қол жеткізген көрсеткіштері де жаман емес. Жүк вагондарының өндірісі биыл 4,3 есеге артқан.

Гүлзиян Ізбасова, СҚО статистика департаменті бастығының орынбасары:
– 2011 жылы қаңтар-қыркүйекте негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 39,4 млрд теңгені құрады, яғни 112,2 пайыз. Негізгі капиталға салынған инвестиция көзінің 63,4 %   шаруашылық субъектілерінің өз қаражаты болып табылады. Қарыз қаражатына – 14 %, бюджеттік қаражатқа 22,7 %-ы келеді.

Сондай-ақ өңір тұрғындарының орташа айлық жалақысы 13,9% -ға өсіп, 57041 теңгені құрады.  Үстіміздегі жылдың тоғыз айында солтүстікқазақстандық тауар өндірушілер 58 млрд. теңгенің өнімін шығарған. Оның 53 пайыздан астамы азық-түлік өнімлері. Қаңтар айынан қыркүйекке дейін тәтті өнімдер  өндірісі үш есе, алкоголь өнімі бір жарым есеге, ал күнбағыс майының өндірісі 1,3 есе өсіпті. Облыста машина жасау саласы да дамып келеді. Қаңтардан қыркүйекке дейін жергілікті тауар өндірушілер электрондық және оптикалық өнімдерді 3,8 есе артық шығарған. Көлік құралдарының өндірісі 2 есе, электр жабдықтары – 1,3 есеге артқан. Үстіміздегі жылы облыстың негізгі капиталына құйылған инвестицияны қаржыландыру көзі болған шаруашылық нысандарының өз қаржысы – 63%, несиелік қаражат – 13% және бюджеттік қаржы -22, 7%-ды құрап отыр. Инвестицияны игеру бойынша ауыл, орман және балық шаруашылығы алдыңғы қатарда. Бұл 51 пайызды құрайды. Сондай-ақ өнеркәсіп, көлік саласы да қалыспауда.

Инеш Шоқақова,  Айымгүл Әбілева