Қоғам

Облыс аумағында күзгі аңшылық маусымы өтіп жатыр

Қоңыр күздің келуі аңшылар қауымы үшін ерекше уақыт. Саятшылық құрып, құс атып, аң аулау олар үшін нағыз мереке. Облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының мәліметінше, өңірімізде аңшылар қатары жыл өткен сайын қалыңдауда. Бүгінде олардың жалпы саны 9 700-ге жетеді.

Қанат Омаров, СҚО орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының бөлім бастығы:
-Біздің аймақта 35 аң аулау шарауашылығы бар. Күзгі аң аулау маусымы қыркүйектің 1-нен қазанның 31-не дейін жалғасады. Бұл жолы құстар ауланады. Қысқы маусым қарашаның 1-нен желтоқсанның соңына дейін. Ол кезде тек қана түлкі, қарсақ қана аулануға тиісті.

Аңшылық маусымында арнайы рұқсаты бар және жолдама алған азаматтар ғана саятшылық құра алады. Ал бұл талапты орындамағандар браконьер болып есептеледі. Сондықтан  артық әуесқойлыққа салынбаған  жөн. Себебі,  «Аң аулау және жануарларды дұрыс пайдаланбау туралы» заңның 298-бабы бойынша тәртіп бұзушы айыппұлдан тыс, тек қана залал келтіргені үшін 1-ден 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақша төлейді.

Қанат Омаров, СҚО орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының аңшылық бөлімінің бастығы:
-Біз жыл басынан бері 100 рейд жасадық. 60 заң бұзушылық тіркелді. Оларға 300 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Әзірге инспекция қызметкерлері аңшылардың куәліктерін тексеруде. Олардың аң аулауына рұқсат беретін бұл құжат әр 10 жыл сайын ауыстырылуы керек екен. Бүгінде 2 500 ескі куәлік жаңасына алмастырылған.

Гүлден Төлеген