Құқық қорғау органдары

Жылдамдық өлшегіштер жұмысы нәтижелі

 

 

 

 
Петропавлда әзірше үш жылдамдық өлшегіш қызмет атқаруда. Оларды сатып алып, орнатуға облыс қазынасынан 39 млн теңге бөлінген. Құрылғылар жылдамдықты тәулік бойы автоматтандырылған тәртіпте бақылап, ереже бұзушыларды фотосуретке түсіреді.

Әсия Абжанова, СҚО ІІД ЖПБ аға инспекторы:
-2011 жылғы қазанның 3-нен облыста жол полициясы басқармасының қарамағында процессингтік орталық жұмысын бастады. Сондай-ақ, қаладағы Мир-Пионерская, Жамбыл- Таштитов көшелерінің қиылысы мен Явленское шоссенің бойында жылдамдық өлшегіш қондырғылар орнатылды.

Бұл қиылыстарда жылдамдықты шамадан тыс асырған көлік 3 мәрте суретке түсіріледі. Бұдан кейін орын алған ереже бұзушылық туралы ақпарат процессингтік орталыққа жіберіледі. Жылдамдық өлшегіш құрылғы көлік маркасын, мемлекеттік номерін, ереже бұзушылықтың орны мен уақытын және сол уақыттағы қозғалыс жылдамдығын тіркеуге алады. Барлық ақпарат республикалық базаға енгізіліп, оның негізінде жүргізушіге ұйғарым жіберіледі.

 Әсия Абжанова, СҚО ІІД ЖПБ аға инспекторы:
-Ұйғарымда ереже бұзушылық орын алған кездегі фотосурет, жылдамдық және қозғалыс ережесін бұзғаны үшін тағайындалған айыппұл көлемі көрініс табады. Құжат сол күні жүргізушінің мекен-жайына жөнелтіледі. Сондай-ақ, ұйғарымда бірден айыппұлды төлеу орындары мен банк реквизиттері жазылады.

Айыппұлды көлік иесі 30 күн ішінде өтеуі тиіс. Сондай-ақ, түбіртекті процессингтік орталықта көрсеткен абзал. Мұның негізінде базадағы  ереже бұзушылық туралы ақпарат толығымен жойылады.

Әсия Абжанова, СҚО ІІД ЖПБ аға инспекторы:
-30 күннен кейін аталған материал әкмшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі кодекстің 708- бабына сәйкес сот орындаушысына жіберіледі. Айыппұл өтелмеген жағдайда жүргізушінің жылжымалы және жылжымайтын мүлкін пайдалануға тыйым салынады.

Бүгінгі таңда жылдамдық өлшегіш құрылғылар 1250 көлік иесінің осы көрсеткішті шамадан тыс асырғанын суретке түсіріп алған. Оларға тағайындалған айыппұл көлемі 8 млн теңгеден асып жығылды.

 Гүлмира Шоқтыбаева