Бизнес және экономика

Кәсіпкерлікті заңсыз іс-әрекеттерден қорғау

Бүгінде елімізде кәсіпкерлікті дамытуға барынша қолайлы жағдай жасалуда. Заңсыз тексерістердің жолын кесіп, кәсіпкерлердің ісіне бөгет болу фактілерінің алдын  алуға ерекше мән беріліп отыр. Бұл ретте мемлекеттік органдар тарапынан шаын және орта бизнес нысандарының ісіне килікпеу талаптарының орындалуына қаржы полицейлері басымдық береді. Сөйтіп үстіміздегі жылы облыстық департамент қызметкерлері 10 жемқорлық қылмыстың бетін ашқан.

 

Ғизат Әбдірахманов, СҚО бойынша экономикалық қылмыстарға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары:
– Парақорлық фактісі бойынша – 5, қызметтік алдау бойынша- 3, жымқыруға қатысты – 1 және қызмет бабын пайдалану фактісі бойынша – 1 жемқорлық қылмыс анықталды. Жыл басынан кәсіпкерлік іске заңсыз араласуға қатысты жемқорлық қылмыс жасаған 6 лауазымды тұлға жазаға тартылды.  

Кәсіпкерлердің жемқорлардың құрығына түсуі көп ретте олардың заңды жете білмеуінен деген пікірде қоғамдық кеңес мүшелері. Бұл әсіресе ісін енді бастаған кәсіпкерлерге қатысты. Өйткені еліміздің заңдары үнемі заман талабына сай жетілдіріліп отырады. Осыған қатысты бизнес өкілдерінің мамандарға сұрақтары көп туындайды. Сондықтан департамент басшылығы тұрақты түрде апта сайын кәсіпкерлерді қабылдауды ұйғарған.

Жанат Ешмағамбетов, СҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы:
-Біз күн сайын азаматтарды қабылдаймыз. Шағымдарын заңнамаға сай мерзімде қарастырамыз. Енді аптаның әр сәрсенбісінде күннің екінші жартысында кәсіпкерлерді қабылдаймын. Барлық мәселелер жете қаралатын болады.

Айымгүл Әбілева