Солтүстікқазақстандық мүгедектер мен қант диабетімен ауыратындар қоғамының құрылғанына биыл 16 жыл толды. Осы уақыт ішінде ұйым мыңдаған адамдарға көмек көрсеткен. Бұл қоғам халыққа аурумен күресудің дұрыс жолдарын айтып, пайдалы кеңестер береді. Олардың өмірге деген құлшыныстарын оятады.
Ольга Молчанова, СҚО мүгедектер мен қант диабетімен ауыратындар қоғамының төрайымы:
-Біз қант диабетімен ауыратын адамдар үшін азық-түлік шығаруды қолға алдық. Нәтиже жаман болмады. Мәселен, нан комбинатымен келісімге отырып, диабетті қоздырмайтын өнімдер өндіре бастадық.
Бүгінгі таңда біздің облысымызда қант диабетімен ауыратын 10 000 астам азамат тіркелген. Ольга Молчанованың өзі де солардың қатарында, сондықтан бұл кеселдің адам ағзасына қаншалықты зиянды екенін жақсы біледі. Науқаспен күресудің де жолдары жақсы таныс. Ольга Молчанова республикалық азаматтық форумға осымен екінші рет қатысып отыр. Жыл сайынғы кездесудің нәтижесі жаман емес. Мәселен, бірінші жиында әлеуметтік тапсырыстар жасау бойынша заң қабылданыпты. Бұл үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына үлкен өзгеріс әкелді. Өйткені бұрындары олардың жобалары тек қана халықаралық қор арқылы қаржыландырылып келген еді. Енді бұл жұмыс мемлекет тарапынан да қолдау табатын болған.
Ольга Молчанова, СҚО мүгедектер мен қант диабетімен ауыратындар қоғамының төрайымы:
-2012 жылдан бастап біздің жобаларымыз Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы арқылы қаржыландырылатын болады. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Үкіметтік емес ұйым болсақ та онымен байланыс орнатқанымыз көп жеңілдік әперетін түрі бар.
Ольга Ивановна форум үкіметтік емес ұйымдардың жаңа қырынан танылуына жол ашады дейді. Осындай жиындарда қоғам үшін қажетті жобаларды мемлекеттік органдар өкілдерімен талқылау мүмкіндігі туады. Маңызды бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында пайдалы кеңестер беріледі.
Гүлден Сәрсенбаева