Билік

Мемлекеттік сатып алуда заңбұзушылықтар анықталды



 

Мемлекеттік қызметішінің “кезекті” олқылықтары соңғы прокурорлық тексеріс барысында белгілі болған. Жамбыл аудандық білім бөлімінің бастығы Александр Моисеенко мемлекеттік сатып алулар барысында үкімет қаржысының тиімсіз пайдаланылуына жол берген.

 Гүлнәз Шәріпова, облыс прокурорының аға көмекшісі:
-2011 жылдың ақпанында өткізілген мемлекеттік сатып алулардың нәтижесінде кәсіпкер білім бөліміне 4 млн теңгеден астам сомаға спорт құралдарын тапсыруы керек болатын. Жеткізу мерзімі үстіміздегі жылдың наурызы болғанымен, аталған заттар тексеріс жүргізілген уақыттың өзінде жеткізілген жоқ. Ал білім бөлімі кәсіпкердің шотына тиісті қаражатты аударып үлгеріпті.
 
Анығына келгенде, тауардың құны соңғысы толығымен жеткізілгеннен кейін өтелуі тиіс-тін. Сондай-ақ, Жамбыл ауданының оқушылары мен ұстаздары әлі күнге оқулықтармен және әдістеме құралдарымен қамтамасыз етілмеген. Оқу үрдісінің бұзылуына да сапасыз өткізілген мемлекеттік сатып алулар кесірін тигізіпті. Мемлекеттік сатып алуға қатысқан 9 жеткізуші жаңа оқу жылына дейін 8, 5 млн теңгенің тапсырысын орындауы керек еді. Бұл жағдайда да қызметтің құны жартылай төленгенімен, тауардың өзі жоқ. Мемлекеттік орган басшысы тарапынан талай олқылықтың кетіп жатқаны туралы ұстаздар қауымы бұған дейін бірнеше мәрте мәселе көтерген екен. Тіпті, қаржы полициясы бұдан 2 жыл бұрын 307- бап бойынша қылмыстық іс қозғап, Моисеенко қызметін асыра пайдаланғаны үшін айыпталған. Бірақ ол жолы екі тарап мәмілеге келіп, айыпталушы өз қызметін сақтап қала алды.

Нұрлан Жахин, СҚО экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі:
-Моисеенконың сотқа тартылғанына қарамастан, қызметінде қалуы мұғалімдер мен аудан тұрғындары тарапынан наразылық туғызып, олар тексеріс жүргізуді талап еткен еді. Тұрғындар бұл мәселе бойынша бірнеше мекемеге жүгінген. Соңғы рет ауданда азаматтарды қабылдау кезінде бұл мәселе тағы көтерілді. Осының негізінде қаржы полициясы облыс әкіміне аталған азаматты мемлекеттік қызметтен босту туралы ұсынысын жіберді.

 
Қазынаға шығын келтірген мемлекеттік қызметші ақыры тиісті жазасын алды. Аудан әкімінің өкімімен Александр Моисеенко қызметінен босатылды. Бұдан тауар жеткізушілер де секем алса керек, ізінше, аудан мектептеріне спорт тауарлары жеткізіле бастады.

Гүлмира Шоқтыбаева