Спорт

«Қызылжардың» жеңісі

 
Бүгін «Қарасай» стадионында жерлестеріміз  Алматының ЦСКА-сын қабылдады. Турнир кестесі бойынша қонақтар 17-ші орында болса, жерлестеріміз олардан үш сатыға жоғары тұр. Ойын бірден тартысты басталды. Қонақтар тізгінді қолға алып, қақпаға алматылық Есдәулет Омарханов алғашқы голды соқты. Қақпа ашылып, алғашқы гол соғылғаннан кейін ойын қызып, шиеленісе түсті. Жерлестеріміз де, қонақтар да қақпаларды шабуылдаумен болды. Тартысты ойын көрсеткен қызылжарлық Роман Селиверстов 24-ші  минутта қарсылас қақпаға гол соғып есепті теңестірді.
Есеп: бір де бір. Қызылжарлықтар жанкүйерлердің қызу қолдауынан кейін бойларына күш алып, қонақтар қақпасына гол соғу ниеттерін жоғалтпады. Ойынның 43-ші минутында Роман Селиверстов қонақтардың қақпасына екінші рет доп енгізсе, бір минуттан кейін тағы бір жерлесіміз  Жасын Қайыпбаев үшінші голдың иесі атанды. Бірінші тайм қызылжарлықтардың пайдасына  3/1 болып аяқталды. Ойынды тамашалауға келген жанкүйерлер бұндай тартысты ойын көптен болмағандығын алға тартуда.

Қызылжарлықтардың ойыны жақсы. Үш голды соғып отыр. Ауа райы да жақсы болып тұр. Жақын жерде тұрғандықтан ойынды тамашалауға келдік.
Ойын жақсы өтуде. Бір-бірімен доп алмасулары да жаман емес.

Екінші таймда қарсылас командалар ойыншыларын алмастырды. Бірақ есеп еселенбеді. Соғылған айып доптары да қақпадан көрінбеді. Тек ойынның 42-ші минутында 6 нөмірлі қызылжарлық футболшы Руслан Ахметдинов гол соғып, қызылжарлықтарға жеңіс сыйлады.  Ойын қызылжарлықтардың есебіне шешілгенімен турнир кестесі бойынша алға үзіліп шығу мүмкін емес, дейді мамандар.

Төлеген Кучурбаев, футболдан ұлттық санаттағы жоғары төреші:

-Әрине, ұлдарымыз ойнай біледі. Бірақ 14 –ші орын бұл көрсеткіш емес. Жоғары сатыға көтерілу мүмкіндіктерінен айырылып қалдық. Бірінші лига аяқталуға жақындап қалды. Бас – аяғы екі кездесу ғана. Ол ойындар жоғарылауға сеп болмас. Футболшыларымыз жас болғандықтан, мықты спортшыларды қатарға тарту қажет.  

Келесі ойын «Қарасай» стадионында  қазанның 13-де  өтеді. Онда жерлестеріміз Алматының «Цеснасын» қабылдайды деп жоспарланып отыр.

Жандос Наурызбаев