Құқық қорғау органдары

Арнайы автотұрақ



 

Темір тұлпары бар адам уақытын үнемдейді. Қазіргі заман ағымы да осыны талап етеді. Халықтың тұрмысы жақсарған сайын, автокөлік мінген жеке тұлғалардың қатары да артуда. Есесіне жол ережесін бұзушылардың да саны көбейіп келеді. Жамбыл көшесіндегі бұрынғы 200 орынға шақталған айыптұрағы тарлық еткен. Сондықтан қалалық әкімдік жаңасын ашуды ұйғарып, оның құрылысына 9 млн теңге қаражат бөлген. Алаңы екі есеге дейін кеңейген тұрақ 387 көлік құралы сиятындай етіп жасалған.

Қайрола Ғалеев, «Коммунхоз» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры:
-Тұрақта видеобақылау іске қосылған. Егер маңайда бөтен біреу жүретін болса, мониторға белгі келіп түседі. Қақпаларымыз автоматты түрде ашылып жабылады. Сырттан келушілер күзетшімен видео домофон арқылы тілдеседі.

Автотұрақ қаладан тысқары жерде Северный, 1 Б көшесінің бойында салынған. Жол ережесін бұзушының көлігі оның жазасы белгіленгенге дейін айып тұрағында қала береді. Автокөлік тұрақта тегін сақталады. Ал оның техникалық қауіпсіздігіне «Коммунхоз» кәсіпорнының қызметкерлері жауапты.

Владимир Крылов, айып тұрағының бастығы:
-Мемлекеттік орган тәртіп бұзушыға тиісті жазасын берген соң көлік иесі қай уақытта болмасын темір тұлпарын әкете алады. Тек шешім  шаққан сәттен бастап үш күнге кешіктірмей алуы тиіс. Әйтпесе, кейінгі әр күн үшін 250 теңгеден төлейді.

Гүлден Төлеген