Қоғам

“Юстиция ақыл-кеңес береді”

 

 

 

«Юстиция ақыл-кеңес береді» акциясын ұйымдастырудағы басты мақсат – халыққа құқықтық көмек көрсету. Шара аясында мамандар түрлі мекемелерге барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізген және кеңестер берген. Бірінші күні-ақ мамандардың көмегіне 30 азамат жүгініпті. Негізінен неке, жылжымайтын мүлікті тіркеу, заңгерлік қызмет көрсету және зияткерлік меншікке қатысты сұрақтар түскен. Халықпен кездесу «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында өтті. Мұнда да тұрғындар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қою мүмкіндігіне ие болды.

-Бүгінде ауылдарда үкіметтік емес ұйымдар құрғысы келетіндердің қатары қалың. Бұл үшін не қажет? Қай мемлекеттік мекеменің қызметіне жүгіну керек?

Гүлнәр Қожахметова, СҚО әділет департаменті бастығының орынбасары:
-2007 жылдан аудандарда заңды тұлғаларды тіркейтін бөлімдер жұмыс жасайды. Бұған дейін аталған қызмет тек қана облыс орталығында көрсетілетін. Қазір енді ұйымды тіркеу үшін қалаға келудің қажеті жоқ. Бар мәселені ауданда шешуге болады.

Жастарды сонымен қатар жақында күшіне енген  медиация жөніндегі заңға қатысты түйіткілдер қызықтырды. Кездесуде қайта тіркеуге байланысты туындайтын мәселелер талқыланды. Жеке пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары осы мәселеде көмек болса дейді.

Евгений Таранин, «Мир 240»  ПИК төрағасы:
-Қалада тұтынушылар кооператив ретінде ресімделген жеке пәтер иелері кооперативтері баршылық. Соларды  тіркеуде бірқатар қиыншылықтар туындайды. Бұл жұмыс уақытты көп алады. Осыған байланысты толғандырып жүрген мәселелерді бүгінгі кездесуде жеткіздік. Мамандардың кеңесін алдық. Сондықтан мұндай шараларды жиірек өткізу қажет.

Халықтың мамандарға қояр сауалдары көп. Сондықтан мұндай акциялар алдағы уақытта да ұйымдастырылады дейді әділет департаментінің қызметкерлері.

Айымгүл Әбілева