Билік

Қысқа дайындық пысықталды



 

Синоптиктердің болжауынша алдағы қыс мезгілі жылылығымен ерекшеленбейді. Орташа температура -18 градус болады деп күтілуде. Кейбір күндері  сынап бағанасы  30 градустан төмендеуі мүмкін. Сондықтан  төтенше оқиғалардың алдын алып, жоюдың амалдарын облыс құтқарушылары жоспарлап қойыпты.

Александр Швецов, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
-Адамдарды үсіп кетуден қорғау үшін жылыту пункттерін құру керек. Әр ауданда шұғыл құтқару топтарын қажетті арнайы техникамен жабдықтау, Түскен қарды уақытылы тазалау, әсіресе дауылды суық күндері жолда қатынаушыларды қатаң бақылауды қолға алу керек. Жолдары қар астында қалатын ауылдарды азық-түлік, дәрі-дәрмек, байланыс құралдарымен ерте бастан қамтамасыз ету қажет.  

Өңіріміздің коммуналдық қызметтері де жылыту маусымына сақадай сай екендіктерін жеткізді. Биыл энергетиктер электр желілерін 3,5 млрд теңгеге жаңартып алыпты. Жылу жүйесін жетілдіруге 2 млрд теңгеден артық қаржы жұмсалған екен. 400 млн теңгеге 11,5 шақырым құбыр жаңасына алмастырылған. Бүгінде энергетиктер қысқа дайындық жұмыстарының 94 пайызын тәмамдап қойыпты.

Андрей Калиничев, “Петропавл жылу желілері” ЖШС директоры:
-Бүгінде 590 ғимарат жылыту жүйесіне қосылды. Оның 375-і көпқабатты тұрғын үй. Әзірге ешбір ақау байқалмады. Қазан айының 14-не дейін барлық нысандарды 100 пайыз қосамыз. 2 апаттық топ тәулік бойы кезекшілік атқаруға кірісіп кетті.

Барлық әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындықтарын растайтын құжаттары қолдарында. Сондай-ақ 45 жыл жөндеу көрмей 90 пайызы әбден тозған солтүстік коллекторды ауыстыру жұмыстары да сөз болды. Оған қажетті 1,5 млрд теңгені мемлекет бөлді. Күздің қара суығы болса келіп қалды. Сондықтан облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров бұл істің жоспардан қалмауын тапсырды.

Антон Федяев,облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы:
4,7 шақырымдық құбырдың бүгінде 800 метрі жаңасына ауыстырылды. 4 бірдей ірі мердігер компанияларының құрылысшылары бас көтермей жұмыс жасап жатыр. Нысанды жоспарға сәйкес желтоқсанның 20-на дейін аяқтаймыз.

Облыс жолдарының  1021 шақырымы лезде қалың қар басатын қауіпті орында тұр. Оны болдырмас үшін қажетті 89 арнайы техника сайланған. 222 тонна жанар-жағармаймен көктайғақта себілетін 32 тонна тұз бен құм қоспасы дайын тұр. Өткен қыста жолдар уақтылы қардан тазаланбай, тұрғындардың шағымы көбейген болатын. Биыл осы іске жауапты кәсіпорындар жұмыстарына серпін берулері керек.

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары: -Ақша бөлінді, жанармай, техника бар, дұрыстап кең ғып ашу керек, мыналарың жарамайды.   

Облыс әкімінің 1-ші орынбасары 2011-2012 жылдардағы қар аршу жұмыстарын өз қадағалауына алатынын жеткізді. Сондай-ақ басқарма мамандары мен аудандар әкімдеріне қазан айының соңына дейін жол белгілерін қалпына келтіру жүктелді. Қала әкімінің орынбасары Антон Макаровтың айтуынша,    тұрғын үйлердің 99 пайызы жылыту маусымына әзір. Өзгелері үстіміздегі айдың 10-на дейін жуып-шаю жұмыстарын аяқтайтын болады. Ал “Петропавл су” АҚ дайындықтарын пысықтау үшін қазанның 8-10 дейін қалалықтарды ауыз судан ағытуға мәжбүр. Осы аралықта су таратқыш құбырлардың ақаулары жөнделіп, жарамдығы тексерілетін болады.
Жиында азаматтық қорғаныс мәселелері де айтылды. Облысымызда биыл да 200 адамнан тұратын төтенше жағдайлардың алдын алу үшін шұғыл әрекет тобы құрылды. Оның иелігінде 39 арнайы техника бар. Жиын соңында Айдарбек Сапаров жиналғандарға қысқы әзірлік жұмыстарын пысықтау үшін бірқатар міндеттерді жүктеді.

Жеңіс Ермұқанов