Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі” акциясы жалғасуда

 

Воскресеновка ауылдық округы 3 селодан тұрады. Онда 300-ден астам үй түтін түтетіп отыр. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы ішінде бұл елдімекен тұрғындары ауыл шаруашылығы, білім, мәдениет саласында көп нәтижеге қол жеткізген. Қол қусырып, жай отырғанды ұнатпайтын халық осы атқарылған істердің көбін мемлекеттің қолдауымен байланыстырады.

Неёля Белоногова, Воскресеновка ауылдық округінің әкімі:
-Елбасының салиқалы саясатының арқасында біздің округтегі тұрғындардың әлеуметтік жағдайы жыл санап жақсарып келеді. Мәселен, 11 сыныпты өз ауылында оқып бітіруге мүмкіндігі жоқ жасөспірімдерге Воскресеновка орта мектебі жанынан интернат ашылды.
Қазір онда 15 бала бар.

Воскресеновка орта мектебінде 100-ден астам жасөспірім білім алуда. Округтегі білім беру саласы жақсы жолға қойылған. Соңғы жылы мектептің оқыту кешенін заманауи үлгіге келтіру мақсатында республика бюджетінен 5 млн теңгедей қаражат бөлініпті. Ол қаржыға физика кабинетінде тәжірибелік және лабораториялық сабақтар өткізу үшін проектор, камера сатып алынған. Сонымен қатар 12 ноутбукпен жабдықталған информатика кабинеті ашылған.

Элла Камалетдинова, Воскресеновка орта мектебінің директоры:
Біздің мектептің ақпараттық базасы өте бай. Білім ошағы заманауи талапқа сай қондырғылармен жатылған. Интерактивті тақтасы бар лингофон, мультимедия сыныптары ашылды.

Мектеп оқушылары ең алдымен ғаламторға қосылғандарына дән риза.

Даниал Секенов, Воскресеновская орта мектебінің оқушысы:
Компьютер, интернет технологиялары бәрі бар. Біздің мектеп өте жақсы. Маған мұнда оқыған ұнайды.

Жергілікті тұрғындардың тағы бір мақтанышы ол – бүлдіршіндерге арналған «Айбөбек» шағын орталығы. Кезінде бұл нысан қиратуға сызылып тасталған екен. Оны осыдан үш жыл бұрын облыс әкімі қайта жөндеуден өткізуге тапсырма берген. Мекемені қалыпқа келтіру үшін өңір бюджетінен 25 млн теңге көлемінде қаржы құйылған. Бүгінгі таңда шағын орталықта 35 балдырған тәрбиеленуде.


Надежда Багданова
, «Айбөбек» мектепке дейінгі шағын орталығының тәрбиешісі:
Біздің округтің тұрғындары үшін осындай шағын орталық бұрыннан-ақ қажет еді. Жұмысқа шығуға ниет еткен жастар балаларын бізге әкеледі.

Сонымен қатар Воскресеновка округінде мәдениет үйі де іске қосылған. Таяуда оның спорт және би залы күрделі жөндеуден өтіпті. Мұнда түрлі шығармашылық ұжымдар бар. Мәселен, ауыл тұрғындарынан жасақталған вокалды ансамбль «Вертикаль» деп аталады. Олар жақында округ бойынша өтетін байқауға дайындалуда. Елдімекен өмірі осындай қызу қарқынмен дамып келеді. Алдағы 2012 жылы таза ауыз су мәселесін шешу қолға алынбақ.

Гүлден Төлеген