Көлік және жолдар

Жол жөндеу жоспары аяқталып келеді



Амангелді және Евгений Брусиловский көшелері қиылысының маңы жаңа кейіпке енді. Бұрынғы шұңқырлардың орнына жаңадан тегіс асфальт төселді. Татьяна Макарь аталмыш ауданда 29 жыл тұрып келеді екен. Осы уақыт аралығында кешқұрым, не жауын-шашыннан соң үйге жету зордың күші болғанын айтады.

Татьяна Макарь:
– Осы үйде 1982 жылдан өмір сүріп келемін. Машинамен өткенді қоя тұра, жаяу жүргіншілер еркін жүре алмайтын. Көктем, күз айларында қар еріп, жаңбыр жауғанда тіпті тізеден су жатып, есік алдына шыға алмаған кездеріміз көп болды. Қазір көксеген арманымыз орындалды. Жаңа жол салынып рақатқа батып отырмыз. Барлық тұрғындардың атынан шексіз алғысымды білдіремін.

Орамға тас жол салуға қажетті қаражатты қалалық әкімдік бөлді. Маңайдағы №7 мектеп қолданысқа берілгелі 20 жылдан артық уақыт өтіпті. Содан бері мұнда тас жол салынбақ түгілі, әбден тозған ескісі жөндеу көрмеген екен.

Татьяна Макарь:
-Мына тұрған жолды жаңарту мәселесі ондаған жылдар бойы шешімін таппай келген. Мен 2007 жылы осы сайлау округінің депутаты болайын деп өз кандидатурамды ұсынған едім. Міне содан бері осы көкейкесті мәселенің күрмеуін босату үшін көптеген ұсыныстар жасадым. Осы аудан тұрғындарымен бірлесіп, бірнеше шағым жасадық. Әйтеуір, сұранысымыз қанағатандырылып, жақсы асфальт төселді.

20 жыл бойы бұзылып жатқан Абай көшесінен басталатын әлеуметтік маңызы бар жол да биыл жөнделіпті. Енді шіркеу мен есту қабілеті төмен балаларға арналған мектеп-интернатқа апарар жол айнадай тегістелді. Жаяу жүргіншілерге тротуар салыныпты.

Сейілжан Тастеміров, Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:
– Биылғы жылы қала бюджеті есебінен көп жолдар жөндеуден өтті.
Атап айтатын болсақ: М. Жұмабаев, Мир, Юбилейная, Потанин, Чайковский, Астана Васильев, Букетов көшелері.

Биыл бұл аталған көшелердегі жөндеу жұмыстарына қалалық қазынадан 415,8 млн теңге қарастырылыпты. Сондай-ақ шұңқырларды тегістеуге 66 млн теңге бөлінген екен. Нәтижесінде 180 мың шаршы метр жерді алып жатқан асфальт жаңартылды. Бүгінде қалғаны Заречный кентіндегі жөндеу жұмыстары. Ол шаруа да 1-ер күнде тәмамдалады дейді мамандар.

Жеңіс Ермұқанов