“Дипломмен – ауылға”

Балалар

16:22 6 Қазан 2011

 

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында елді мекенде тұрақтағысы келетіндер қатары қалыңдауда. Әсіресе, ауыл мектебінде еңбек жолын бастағысы келетіндердің үлесі мол. Ондай жастардың ең үлкен бөлігі Қызылжар ауданына тұрақтаған. Өткен жылы бұл жерге 29 маман келсе, биыл тағы 34 ұстаз қоныс тепкен.

Айгүл Кемелова, Қызылжар ауданы білім бөлімінің бас маманы:
-Ауыл мектептерінде ұстаздың қайсысы болмасын барлығы қажет. Биыл бізде қазақ тілі мен әдебиеті және математика пәндерінен сабақ берушілер саны көбейді. Бағдарламаның мақсаты елді мекенге тек қана жас мамандарды тарту емес. Бастысы, өз ісінің білгірі болуы керек.

Республикалық деңгейде қолға алынған жоба бойынша 2009 жылдан бері Қызылжар ауданына 68 маман қосылған. Олардың барлығы көтермеақы және тұрғын үй алған.
Айгүл Кемелова, Қызылжар ауданы білім бөлімінің бас маманы:
-Біз ауылға келген азаматтарға 105 840 теңге көлемінде көтермеақы береміз. Сонымен қатар, баспаналы болғысы келетіндерге 952 мың теңгедей несие бөлеміз. Үстіміздегі жылы білім саласында қызмет етемін деуші жастарға үкімет тарапынан 14 млн теңге көлемінде қаражат қарастырылды.

Қызылжар ауданының Березовка ауылында бұндай қаржылай қолдаудың қызығын көрген жастардың қатары қалың. Анаргүл Утенова бұл жерге осыдан 2 жыл бұрын көшіп келген. Ауылда жас маманға бірден жұмыс та, баспана да табылған. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы сүйікті кәсібін атқара жүріп, тұрмыс құрып, сәби сүйіп үлгерген.

Анаргүл Утенова, Березовка негізгі мектебінің оқытушысы:
– Өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген қызығушылығын, білімін арттыруға көмек көрсетуге дайынмын. Жас мамандардың жағдайын жасап, көмек көрсетіп жатқан Елбасымызға алғысым шексіз.

Станислав Ширин үкіметтен көрсетіліп жатқан мұндай қолдауды жіберіп алмайын деп, ауылда қызмет етуге бірден келіскен. Тіпті қаладан ата-анасын да көшіріп әкелген.

Станислав Ширин, Березовка негізгі мектебінің мұғалімі:
-Мен СҚМУ бітірдім. Қазір мен Березовка мектебінде химия мен биологиядан сабақ беремін. Маған жұмыс өте ұнайды. Маған үй берді.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, ауылға келушілер саны жыл санап артып келеді. Ал соңғы уақытта елді мекенге ЖОО бітірушілер көбірек тартылуда.  Биылдың өзінде Қызылжар ауданына жұмыс істеуге келген 34 маманның 23-і университет түлектері екен.

Гүлден Төлеген

Бұдан әрі оқыңыз

“Жас дарын” өнер мектебінде ашық сабақ өтті