Қоғам

Қала көркі әр тұрғынға байланысты

 

Ынтымағы жарасып, айрандай ұйыған қалалық ардагерлер кеңесінің беделі ерекше. Олар облыс орталығында болып жатқан барлық оқиғалардан құлағдар, қала өміріне үзбей қатысып отырады.

Григорий Кухарь, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Облыс орталығының гүлденуіне өз үлесімізді қосуды жалғастырмақпыз. Бірақ, көңілге кірбің салатын бір ғана жәйт, бой көтерген ескерткіштер жанындағы орындықтар мен шамдардың сынуы. Әрине, оны адам баласы қиратқаны белгілі. Енді, алдағы уақытта бұндай қайталанбайды дегенге сенгіміз келеді.

Бүгінгі күні облыс орталығында 103 тарихи ескерткіш бар. Соңғы бір жарым жылда 24 саябақ ашылды. Сондай-ақ қарттарды қолдау айлығында Чернобыль атом- электр станциясы және өзге де ядролық апаттардан қаза тапқандардың құрметіне ескерткіш бой көтерді.

Юрий Лошкарев, СҚО “Чернобыль одағы” мүгедектер ҚБ төрағасы:

-Қаламызда болып жатқан жақсы өзгерістер, әрине, дұрыс. Бірақ, салынған ескерткіштер мен саябақ аумағында қалалықтар тазалықты сақтаулары тиіс. Ескерткіш алдында ішімдік ішіп, темекі шегу бұл ардагерлерімізге құрмет көрсетпеу болып табылады.

Қариясын құрметтеп, үлкенін үлгі тұтар қазақы елдің үрдісі әлі де жоғалған жоқ. Қарттар замана ағымына қарай өзінің қоғамдық орнын үнемі белгілеп отырады.

Ожан Қали, ақын, жазушы:

-Қазіргі Қызылжарды өздеріңіз көріп отырсыздар ғой. Көшелердің барлығы асфальтталған, шамдар орнатылған.Жалғыз мынау сол кездегі бақшаға кіріп көріңіздер, Қызылжардағы жұмақ деп айтуға болады.  Бүгінде қаламыз Қазақстандағы ең бір көрікті,сұлу қалалардың бірі.Қараған кезде көз тоймайды. Жаңа құрылыс орындары бой көтеріп жатыр.

Жасы үлкендердің өмірден көргені де, тұрмыстан түйгені де көп. Өмірлік тәжірибесі мен тағылымы мол ақсақалдар жастар тәрбиесі жайында да ой қозғап, пікір алмасты.

Ж.Наурызбаев