Аптадағы маңызды жаңалықтар

Израиль кәсіпкерлері Қызылжар ауданында

 

 

Шетелдіктер алдымен «Петерфельд Агро» ЖШС ат басын бұрды. Осыдан 3 жыл бұрын құрылған шаруашылық асыл тұқымды мал басын өсіруді қолға алған. Мұнда 500 бас симментал тұқымдасы, 400 мұқыл ақ бас сиыр, 500 жылқы өсірілуде. Жем-азық қоры да барлық талаптарға жауап береді. Құрылым 10 мың гектар жерге мал азығын өсіреді. Онда арпа, бидай, сұлы, картоп сияқты дәрумені мол азықтың бәрі бар. Техника паркі де жаңаланған. Израильдықтар СҚО мал шаруашылығының жақсы жолға қойылғанына көз жеткізген соң, кейін Қызылжар ауданы бойынша қолға алынуы тиіс жаңа жобалармен танысты. Шетелдік азаматтардың назарынан балық шаруашылығы да тыс қалмады. Атап өтетіні, облысымызда бұл іс жақсы қарқын алған. Өңір бойынша жалпы алғанда 3000-нан астам су қоймасы бар. Оның 1328-де балық шаруашылығы дамыған. Солардың бірі – Лебяжье көлі. Мұнда су жәндіктерінің түр-түрі өсіріледі. Шортан, мөңке, тұқы, алабұға сынды балықтың барлығын кездестіруге болады. Су тіршілік иелерінің уылдырықтары колбада өсіріледі. Кейін өз бетімен дамуға дайын кезінде көлге жіберіледі. Израильдықтар әр балықты өз қолымен ұстап, сапасының жақсы екеніне көз жеткізді. Олар өздерінің балық шаруашылығы саласындағы мол тәжірибелері жайлы да айтып кетті.

Микки Михаэли, балық өсіру бойынша халықаралық дәрежедегі сарапшы:
-Әрине, сіздердегі жұмыс маған ұнады. Дегенмен, әлі де болса бұл саланы көтеру керек. Балықты күтіп, өсіру мәселесі ақсап тұр. Осы шаруашылықтың өнімі сұранысқа көбірек ие болсын десек, зауыт ашу қажет.

Кәсіпкерлердің арасында құс шаруашылығына қызығушылық танытқандар да аз болмады. «Агро Вектор Групп» компаниясының өкілі Давид Фраге «Алекри» және «Атай СК» ЖШС-нің жұмысына баса көңіл бөлді. Құс өсірумен 16 жыл айналысып келе жатқан білікті маман Қазақстанда күркетауық өсіру ісін дамытуды көздеп отыр.

Давид Фраге, «Агро Вектор Групп» компаниясының өкілі, Израиль :
-Құс өсіретін фабрикаларыңыз жақсы жағдайда. Қондырғылар бізге таныс. Біз сіздерге осындай құрал-жабдықтарды жеткізуге көмектесіп тұрсақ дейміз. СҚО-ның  болашағынан зор үміт күтуге болады.

Солтүстікқазақстандық тауық фабрикасының иелері күркетауық жайында аз білсе де, шетелдіктерге өз шаруашылығындағы табыстар жайында айтып берді. Мәселен, «Алекри» ЖШС Қазақстанды жұмыртқамен 35 пайызға қамтамасыз етеді екен. Онда 3 кешен жұмыс істейді. Оның біреуінде 60 мың тауық өсірілетін көрінеді. Алдағы уақытта олар тағы 2 өндірістік қойма мен балапан бағатын қора салмақшы.
Өндірістегі дәл осындай жетістіктерімен «Атай СК» да мақтанып қалды. 2003 жылы құрылған серіктестік құстың екі түрін ұстайды. Олар Ресейден жеткізілген радонит, хайсексуайт тұқымдастары. Бүгінгі таңда фабрикада 230 мың тауық, 120 мың балапан бар. Олар 10 корпуста бағылады. Биыл сондай тағы бір нысан бой көтерген. Шетелдік қонақтар құс фабрикаларындағы саяхаттан соң өңіріміздегі орман шаруашылығымен танысып, “Зенченко и К” командиттік серіктестігінде болды.

Гүлден Сәрсенбаева