Бизнес және экономика

Израиль делегациясы бірқатар өнеркәсіп орындарын аралады

 

 

 

 

 

Ең алдымен шетелдік меймандар «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ ат басын тіреді. Кейін «ЗИКСТО» АҚ-ң жұмысымен танысты. Кәсіпорын 90-шы жылдардан бастап темір вагондарды жасауға ден қойған. Бүгінде мұнда вагонның 4 түрі шығарылады.

– Біздің зауыт Қазақстандағы жүк вагондарын шығара бастаған алғашқы кәсіпорын. Ал Қазақстан «ЗИКСТО» АҚ өндірісі есебінен ТМД елдері бойынша жүк вагондарын жасау құқығына ие болған 5-ші мемлекет.

Сондай-ақ израильдік делегация «Фрегат» ЖШС-не де соқты. Шұжық өндіретін цехтың қуаттылығы тәулігіне 5 мың тонна ет өнімдерін өңдеуге жетеді. Шетелдік меймандарды «Мұнаймаш» АҚ-ның өнімі де қызықтырды. Мұнда мұнай саласына арналған  штангалық сорғыштар жасалады. Шетелдіктер кәсіпорындағы жұмыс үрдісімен танысты. Киров атындағы зауыт та израильдіктердің назарынан тыс қалмады. Серіктестік құрал-жабдықтардың бөлшектерін, сондай-ақ сандық эфирлік телевизияға арналған аппараттарды өндіруді қолға алған.
Израильдік делегация «Петропавл су» кәсіпорнының жұмысын да бақылады. Су тазалауға арналған ғимараттың болашаққа құрған жоспарлары мен қондырғылары шетелдік қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Ави Флор, Tahal Group атқарушы директоры:
-Біз жергілікті өндіріс орындарының жұмысын бақылап, өзімізге серіктес іздеп жүрміз. Мені «Петропавл су» кәсіпорнының жұмысы қызықтырды. Бүгін оның мүмкіндіктерін қадағалап, мүмкін болашақта жақсы қарым-қатынас орнатамыз деген үміттемін.

Шетелдік меймандар Солтүстік Қазақстан облысындағы өндіріс орындары болашағынан зор үміт күттіретінін атап өтті.

Айдана Демесінова