Билік

Ұстаздарға арналған концерт

 

 

Ұстаздар күні концерттік шарамен ашылды. Орталық алаң нағыз мереке ошағына айналды. Төгілген күй мен шырқалған ән де осы ардақты жандарға бағытталды. Айтулы кешті тамашалауға қаламыздың ардагер ұстаздарынан бастап, жас мұғалімдеріне дейін жиналды. Мереке иелерін қала басшылығы құттықтады.

Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
-Құрметті жиналған қауым! Барлығыңызды ұстаздар күнімен құттықтаймын. Сіздер бізді бала кезімізден тәрбиелеп, үлкен адам болуға көп еңбек жасадыңыздар!

Ел тірегі, көркі – білімді, саналы ұрпақ. Ал оларды тәрбиелеуші ардақты жан – ұстаз. Бүгінгі таңда біздің қалада 40 жалпыға білім беру мекемесінде 3000-ға жуық мұғалім жұмыс істеуде. Дәл осы жандардың табандылығы мен қажырлы еңбегінің арқасында петропавлдық оқушылар білім саласында тек қана биік белестерден көрініп келеді. Ол жыл сайынғы ҰБТ нәтижесі арқылы дәлелденуде. Ағымдағы жылы өткен осы сынақта қаламыздың 8 білім мекемесі республикамыздағы ең үздік 100 мектептің қатарына енген. Солардың бірі – №20 орта мектеп. Олар ұстаздар күні – нетбукқа ие болды.

Шарғия Мұқышева, № 20 орта мектептің директоры:
-Шынымен биылғы жылы жетістігіміз мол болды. Біздің түлектеріміз 109,1 ұпай жинады. Осылай біздің мектебімізді жоғары биіктен көрсетті. Биыл 20 түлек дайындап жатырмыз. Осы көрсеткіштен төмендемей, тағы да жақсы нәтиже береміз деген ойдамын.

Осындай арнайы сыйлықтара тағы 35 білім ошағы шығармашылық еңбектері, ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі мол табыстары үшін ие болды. Аға ұстаздарының осындай жетістіктеріне сүйсінген жастар болашақта дәл сондай асулардан көрінетіндерін айтты.

Назгүл Райымбекова, қазақ мектеп-гимназиясының мұғалімі:
-Биыл осы 2011 жылы қазақ мектеп-гимназиясына жұмысқа кірдім. Маған өз мамандығым қатты ұнайды. Балалармен жұмыс істеген ұнайды. Балалардың білім алуына көп септігімді тигізгім келеді. Мектептің көркеюіне үлесімді қосқым келеді.

Гүлден Төлеген