МТРА жаңалықтары

Тұтынушылар құқығын қорғау

 

 

 

 

60-ты алқымдаған Тиыштық Ахметова жалғыз ғұмыр кешіп келеді. Арқа сүйері жоқ жалғызбасты зейнеткер былтыр тырнақтап жиған қаржысына балконның әйнектерін жаңасына ауыстырыпты. Алайда құны 75 мың теңге жаңа терезе қағазында көрсетілгендей үй жылуын сақтамаған екен.

Тиыштық Ахметова, зейнеткер:
-Былтыр күзде “Трескал СК” деген ұйым маған балкон терезелерін алюминиден салып берді. Суық өтпесін деп салдырдым. Жел өтіп шынылары жоғарыдан төменге дейін қатып, суық келіп мені қыста суық ұстап қалды. Қазір күздің өзінде балконнан жел соққанда тоңамын,шұлық, мәсімді күні-түні шешпей жатамын.

Тиыштық апай жаңбыр жауса, әйнектен су өтіп кетеді дейді. Арызданып еді, шағымы қанағаттандырылмапты. Қарияны бұны дәлелдеу үшін сарапшы жалдау керек деп қоя беріпті. Ал заң бойынша көрсетілген қызметінің сапасын кәсіпкер өзі дәлелдеуі керек екен.

Надежда Дубовая, “Кәсіркерлер мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау ассоциациясы” ҚБ төрайымы:
-Көп жағдайда тұтынушы қорғалмаған. Бұл тұста қолданыстағы заңнамаға бірқатар толықтырулар енгізу керек. Тұтынушылардың өздері де құқықтарын білмейді. Біле тұра пайдалануға асықпайды. Бұны жақсы түсінетін пайда қуған кәсіпкерлер ойына келгенін жасайды.
Жарияланған мораторий де бизнесмендердің ісіне араласуға үлкен тұсау болып тұр. Заң екі жаққа да бірдей болу керек.

Осының салдарынан Тиыштық Ахметова сынды опық жеп жүрген жерлестеріміздің шағымдары жыл санап артуда. Мәселен 2010-шы жылы сотта осы тектес 85 іс қаралыпты.

Бауыржан Шайжұманов, №2 Петропавл қалалық сотының судьясы:
2011 жылдың 9 айында ғана біз тұтынушылар арызы бойынша 108 істі қарадық. Оның 34-де шешім шағымданушының пайдасына шешілді. 7 жағдайда даудамай екі жақты тиімді келісіммен тыңды.

Көбіне тауардың не көрсетілген қызметтің сапасы құжатқа сәйкес келмейді. Қала базарларындағы саудагерлердің өлшегені қажетінен аз болып шығады екен. Бұндай істер сотта да ұзақ қаралады. Қалай болғанда да Крыловтың “Аққу, шортан, Һәм шаян” мысалындағыдай әр жақтың өз шындығы бар. Ал бар кесірін Тиыштық апай сынды қорғалмаған тұтынушылар татады. Бүгінгі жиында ортақ мәселені бірлесіп қарау көзделген. Алайда дөңгелек үстел аясында үкіметтік органдар мен әділдік іздеген тұтынушылардан басқа бір де бір кәсіпкер болмады.

Жеңіс Ермұқанов