Қылмыс

Қарақшылық шабуыл



 

 

Таңғы сағат 7 шамасында үш жігіт такси көлігіне отырып Чайковский көшесіндегі үйлердің біріне жетпекші болады. Жолаушы тасымалдауды кәсіп еткен жүргізуші келісе кетеді. Айтылған бағыт бойынша жолға шығысымен күтпеген келеңсіз оқиға орын алды. Жолаушылар адам аз жүретін көше қиылысына жеткенде күш көрсетіп, такси жүргізушісінен машинаны тоқтатуды талап етіп, дөрекі мінез танытқан.

 Жәбірленуші:

-Олар менің ұялы телефонымды, ақшамды тартып алды, артымда отырған жігіт өткір бір темірмен қорқытып, қозғалмауды талап етті.

Абырой болғанда, жәбірленуші ыңғайлы сәтті пайдаланып, көліктен сытылып шығып, қаша жөнелген. Осы сәтте шабуылдаған бұзақылардың бірі рөлге жайғасып, белгісіз жаққа бет алып жүріп кетеді. Темір тұлпарынан айрылған ер адам бірден оқиға жайында кезекші бөлімге хабарлайды. Көп кешікпей тәртіп сақшылары қарақшылар мініп кеткен «Ауди- 80»  көлігін қылмыс орнынан алыс емес жерде тапты. Бөтеннің мүлкіне жармасқан сезіктінің бірі де ізін суытып үлгермепті. 17-дегі жасөспірім қылмыс жасағанын мойындады. Көп ұзамай арам пиғылдары іске аспаған өзге екі сыбайласы құрықталды. Сезіктілердің біреуінің бұрын да басы істі болып, бостандыққа жуырда ғана шыққан екен. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Айыпталушылардың екеуі тергеу абақтысына уақытша қамауға алынды. Енді олар қарақшылық шабуыл жасағаны үшін 12 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.

Жеңіс Ермұқанов