Аптадағы маңызды жаңалықтар

Израиль кәсіпкерлері Петропавлда



Израильдық делегацияның қатысуымен өткен бизнес-форумда инвестициялық жобалар мен өнеркәсіп кәсіпорындарының  жұмысына жаңа технологияларды енгізу мәселесі талқыланды. Форумды ашқан өңір басшысы өсімдік өсіру, мал және балық шаруашылығын дамыту бағытында екі жақты тығыз әріптестік қатынас орнағанын атап өтті.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Қазақстан мен Израиль мемлекеттерінің өзара әріптестігі нәтижесінде ішкі нарықтағы тауар айналымының қарқыны артуда. Үстіміздегі жылдың 7 айы ішінде өңіріміз бен Израиль елінің арасындағы тауар айналымы өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2,5 есеге артқан. Өңірімізге негізінен израильдық өнім импортталады. Бұл екі жақ үшін де зор мүмкіндік туғызып отыр.

Израильдық дәрігерлер мен жергілікті мамандардың тәжірибе алмасуы да оң жолға қойылған. Олармен бірлесіп, науқастардың жүрегіне 24 күрделі ота жасалды. Кәсіпкерлік пен өнеркәсіп саласын дамытуда бірқатар шаралар қолға алынды. Израильдық «МАД  Корпорейшн» фирмасымен бірлесе Петропавл бройлер фабрикасы іске қосылды. Қазіргі таңда кәсіпорын жылына 8,3 мың тонна ет өндіру қуаттылығына ие. Ол түгелдей израильдық технологияларға негізделген.

Ғалым Оразбақов, ҚР Израиль мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі:
– Қазіргі таңда мемлекет тарапынан шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге баса назар аударылуда.
Өндірісті дамыту да басты назарда. СҚО-да ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған. Бұл ретте жаңа технологияларды игеруге көңіл бөлу қажет. Израильдық делегация осыған демеу болады деген ойдамын.

Форум барысында шетелдік меймандар балық өсіру шаруашылығындағы қол жеткізген табыстарымен бөлісті. Бұл мәселеде де жаңа технологияларды қолдану бірінші кезекте.

Овадья Фатахов, «O.J.M.T бренер инвестент» фирмасының  Президенті:
– Біз балық өсіруде тың технологияларды қолданамыз. Бұл салада білікті мамандарды даярлап, әр мемлекеттің климатына бейімделе алатын балықтардың түрін шығаруға баса назар аудардық.

Серік Біләлов бұл саланы қажет деңгейде қолға алу керектігін баса айтты. Өйткені аймақта бұл үшін жағдай қолайлы. Тек өз ісін жетік меңгерген мамандар қажет. Сондай-ақ жиында бройлерді өсіріп, тауық жұмыртқасы  өндірісін дамыту мәселесі де назардан тыс қалмады.

Давид Фраге, «Agrovector Group» фирмасының  бас директоры:
– Бұл біздің СҚО-ға алғаш келуіміз емес. Сондықтан құс шаруашылығы бойынша жақсы әріптестік орнатамыз деген үміттеміз. Етті қайта өңдеу, арнайы жем-азық даярлау мәселесіне қатысты әзірлеген жобамыз бар.

Бағбаншылық, өнім өсірудегі тың технологиялар, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, дизель отынын  өндіру мәселелеріне қатысты тың жобалар да қолдау тапты. Серік Біләлов бизнес әріптестіктің тиімді боларына сенім білдірді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Бізде 4,5 млн гектар астықты егіп, жинауға жеңілдікпен 150 мың тонна дизель отыны бөлінеді. Сондықтан бүгінгі кездесуіміз өте маңызды. Бұл салада израильдық меймандармен тәжірибе алмасып, тығыз әріптестік орнатуымыз қажет.

Инеш Шоқақова