Қоғам

Қаржының мақсатты жұмсалуы партиялық бақылауда

 

Жақында өңірде жаңадан салынған денсаулық сақтау орталықтарындағы құрал-жабдықтардың жобалық сметалық құжаттарға сәйкес тіркелуі тексерілген болатын. Бұл жұмыстың басы-қасында облыстық медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті департаментінің, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің және «Нұр Отан» ХДП өкілдері жүрген еді. Мұндай қадағалаудан №3 қалалық емхана мен Ғ.Мүсірепов ауданындағы туберкулезге қарсы күрес диспансері өтті. Аталған емдеу мекемелерінің құрылысына республикалық бюджеттен 2 млрд теңге бөлінген болатын. Қаражаттың қаншалықты тиімді игерілгені СҚО бойынша медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау Комитеті Департаментінің есебінде белгілі болды.

Айгүл Алыпқарина, ҚР ДМ СҚО бойынша медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау Комитеті Департаментінің директоры:
-Біз денсаулық сақтау орталықтарындағы тексерісті емдеу қондырғылары бойынша ғана жүргізген едік. Атап өтетіні, № 3 емханадағы қондырғылар маркасы құрылыс басқармасының белгілеген түріне сәйкес келмейді. Жалпы айтқанда 10 жабдық жобалық сметалық құжатта көрсетілгендей емес.

Алайда осы тұста СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшылығы келесі жағдайды ескерудің қажеттігін айтты.

Анатолий Ко, СҚО денсаулық сақтау басқармасының бастығы:

-№ 3 емханаға жеткізілген қондырғылардың жобалық сметалық құжатқа сәйкес келмейтіні рас. Бірақ та бұл жерде еш заң бұзушылық орын алған жоқ. Өйткені мемлекеттік сатып алу заңы бойынша жемқорлықты болдырмау мақсатында емдеуге арналған қондырғылардың маркасы көрсетілмейді. Осы тұста кез-келген аппаратураны сатып алғанда оның техникалық мүмкіндіктері ескерілуі тиіс. Ал №3 емханаға жеткізілген қондырғылар сапасы жағынан басқаларынан еш кем емес.

Дегенмен бұл емханадағы техникалық тексеріс әлі аяқталған жоқ. Себебі оларға құрал-жабдық жеткізген фирмалар барлық құжаттарын тапсырып үлгермеген.

Гүлден Төлеген