Спорт

«Қызылжар» өз алаңында жеңіліп қалды

 

 

 

Бүгін жерлестеріміз көкшетаулық «Оқжетпес» футбол командасымен кездесті. Қонақтар құрамасы қызылжарлықтарға жақсы таныс. Себебі осы маусымда аталмыш құраманы қазақстандық белгілі футбол маманы Владимир Чебурин басқарып отыр. 2009 жылы «Оқжетпес» өз тарихында алғаш рет Еуропа Лигасына жолдама алған еді. Турнир кестесінде жақсы нәтижелерімен көрініп жүрген құрама бірден тартысты ойынға берілді. Қызылжарлықтар да осал емес. Бірінші таймда жерлестеріміздің  қақпасы алдында қауіпті сәттер аз болмады. «Оқжетпес» ойыншылары суырылып алға шығу мүмкіндігін қалт жібермеуге тырысты. Алайда бірінші таймның қосымша 2 минутында 8 нөмірде ойнаған қызылжарлық Жасын Қайыпбаев қарсылас команда қақпасына алғашқы гол соқты. Екінші тайм басталысымен 21 нөмірде ойнаған көкшетаулық Максим Забелинге ойын тәртібін бұзғаны үшін ескерту қағазы берілді. Бір минуттан кейін дәл осындай қағазды Роман Селиверстов алды. Бірінші тайм қызылжарлықтардың пайдасына шешілгенімен, жерлестеріміздің қақпаға шабуылдары азаймады. Бірақ 13 минутта қонақтар пенальтиден «Қызылжар» командасы қақпасына гол соқты. Есеп 1/1. Ойын бұдан әрі қызу қарқын алып, екі құрама да ойыншыларын алмастырды. Дегенмен жерлестеріміз гол соғу мүмкіндігін пайдалана алмады. «Оқжетпес» құрамасында жақсы ойын өрнегін көрсеткен  24 нөмірлі Руслан Кенетаев 33 минутта «Қызылжар» қақпасына екінші доп соғып, көкшетаулықтарға жеңіс сыйлады.

-Ойын жақсы болды.Бірақ қызылжарлықтар жеңіліп қалды. Алдағы уақытта жақсы нәтиже көрсетеді деген үміттемін.

«Қарасай» стадионында өтетін келесі жарыста «Қызылжар» футбол командасы Алматының «ЦСКА-сын» қабылдайды. Ойын қазанның 10-нда өтеді деп жоспарланып отыр.