Қоғам

Күзгі әскерге шақыруға әзірлік

 Әскери борышын өтеуге аттанатын жігіттің ең алдымен денсаулығы мықты болуы шарт. Сондықтан да бозбалалар міндетті түрде әскери-дәрігерлер комиссиясының жіті бақылауынан өтуі тиіс. Өткен жылы әскери дәрігерлердің қызметін тексеру барысында бірқатар олқылықтардың орын алғаны анықталыпты. Мәселен, талма, гемофилия, шизофрения және туа біткен ішкі органдардың аномалиясы бар жеткіншектерге әскерге жарамды деген анықтама берілген екен. Бас қосуда әскерилер мен сарбаздарға қауіпті дерттер жайлы да сөз қозғалды. Жауынгерді әскери қызметтен шеттететін қауіпті аурулардың бірі – туберкулез.

 

 

 

Дінбаян Мұханбетқалиев, Петропавл гарнизонының әскери прокуроры:
-2010 жылы республика бойынша осы ауруға шалдыққан 113 әскери қызметтен босатылды. Бұл дертке негізінен түзету мекемелерінде қызмет ететін азаматтар тап болады. Сондай-ақ көктемгі іріктеу науқанынан есірткі және психотропты заттарды пайдаланған азаматтар өтіпті. Осы жолы мұндай кемшіліктерге жол бермес үшін медициналық тексерісті күшейткен абзал.

Жиын барысында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімдердің бастықтары мен әскери дәрігерлер комиссиясына бірқатар міндеттер жүктелді. Қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы өңірімізде бозбалаларды жас сарбаздар қатарына іріктеу кезінде медицина қызметкерлері тарапынан   ағаттық кетпейтініне үмітті.

Дулат Ғабдуллин, Петропавл қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы:
-Бұл жиында көктемгі әскерге шақыру науқанында қандай-қандай кемшіліктер болды, қандай-қандай жетістіктер –  солардың барлығын осы жиында облысымыздың дәрігерлері жиналып, анықтама жасап, осы жұмысты жақсарту жағдайында қандай-қандай амалдар қолдану керек, соны талқылап отырмыз. Алдағы уақытта сондай қателіктер жасамас үшін, жұмысты жақсарту үшін жиналып отырмыз.

 
Күзгі әскери қызметке іріктеу науқаны қазанның 3-і басталып, желтоқсанның соңына дейін жалғаспақ.

Айдана Демесінова