МТРА жаңалықтары

Бәйтеректе 100 үй салынып жатыр

 

  
Үйлерді белгіленген жоспарға сәйкес аяқтау үшін құрылысқа 11 компанияның 400-ден астам маманы тартылған. Ағымдағы жылдың маусым айынан салына бастаған 75 шаршы метрлік баспаналар 3 бөлмеге шақталған. Айту керек, олардың іргетасы жақында ғана қаланғанымен, құрылыс қарқынының шапшаңдығының арқасында көбінің шатырлары да жабылып қалыпты.

Игорь Киселев, СҚО құрылыс басқармасының бастығы:
-Осы құрылысты жүзеге асыру үшін республика бюджетінен 699 млн теңге бөлінген еді.
Өздеріңіз көріп тұрғандай,  бұл қаржы толығымен игеріліп қалды. Үйлердің құрылысынан тыс тас жол төселіп, тұрғындарға ауыз су тартылды. Жарық желісі де өткізілді.

Құрылыс компанияларында баспаналарды тұрғызуға қажет материалдар толық, әрі уақытылы жеткізіледі.

Сәрсенбай Әубәкіров, «Нұрсұлтан Құрылыс Компаниясы» ЖШС учаске бастығы:
-Жұмыс жақсы.
Біз маусымның 12-і ісімізге кіріскен едік. Уақытылы аяқтайтын түріміз бар. Әзірге, үйдің қабырғалары мен шатырлары жылытылуда.

Құрылысшылар «Нұрлы көш» бағдарламасы сынды жобалар көбірек бола берсе дейді. Олар тың бағдарламаның арқасында екі жыл қатарынан тапсырыс алып отыр.

Жанарбек Оразаев, «СевКазЭнергострой» ЖШС ұстасы:
-Маған жұмыс ұнайды.
Берілетін жалақымыз да жақсы. Күн райы да біздің құрылыстың аяқталуына сеп болып тұр. Осындай жобалар көп бола берсін. Бізге жұмыс табыла берсін.

Бір қызығы  құрылыс басында болашақ баспаналардың иелері де жүр. Мәселен, ата-бабалар өлкесіне Омбы облысынан қайтып оралған Қуат Ғабдулин үйдің дайын болатын уақытын тоспай, оны салысуға білек сыбана өзі де кірісіп кеткен.

Қуат Ғабдулин, оралман, Омбы облысынан:
-Мен бұл елдімекенге келгенімде құр тақыр жер еді. Бірақ, көз қорқақ, қол батыр демекші көптің жұмыла кіріскен ісі аяқталуға жақын.
Үй құрылысы бітті. Енді тұрғындар көшіп келсе, мектеп, балабақша салына бастайтыны айқын.

Гүлден Төлеген