Денсаулық сақтау

№1 емханада ашық есік күні өтеді



 

Валентина Сартина – кардиолог-дәрігер. Ол жүрек көк тамырлары ауру, артериялық қан қысымы жоғары, стенокардияға шалдыққан науқастармен жұмыс істейді. Өз ісінің білікті маманы әр науқасына мұқият қарайды. Сондықтан емделушілерін кез- келген қайырымдылық шарадан тыс қалдырмауға тырысып, өзі шақырып отырады.

Валентина Сартина,  № 1 қалалық емхананың  кардиологы:
-Біз науқастарға олардың ауруы туралы түсіндіріп, онымен күресудің жолдарымен таныстырамыз.
Әсіресе, қан қысымын дұрыс қадағалап, оны бір қалыпта ұстауға кеңес береміз. Қазанның бірі күні артериялық қан қысымы жоғары азаматтар үшін арнайы бейнеролик көрсетеміз. Ол “Никомед” фирмасымен бірлесе отырып жасалған. Одан науқастар көптеген пайдалы ақпараттар алатын болады.

Қайрат Нұрахметов 1 емхананың кардиология бөлімшесіне жиі бас сұғады. Ақсақал 2007 жылы инфаркт алып, бір отадан кейін аман қалған. Содан бері қария Валентина Сартинаның тұрақты емделушісі. Науқас дәрігердің айтқанын бұлжытпай орындап, алдын алу шараларына белсенді қатысады.

Қайрат Нұрахметов:

Валентина Николаевна жақсы адам. Оңды қарайды. Дәрілерді қарап, маған келе ме, келмей ме, зерттеп отырады. Мұнда дәрігерлердің барлығы оңды.

Ашық есік күні науқастар таңғы сағат 9-дан түскі 3-ке дейін қабылданатын болады. Оларға дәрігерлік қызметтің барлық түрі көрсетілмек. Осы жолы артериялық қан қысымы жоғары жандардың жағдайы жіті тексеріледі. Бүгінгі таңда осы ауруға шалдыққандар қатары қалың көрінеді.

Сәуле Алмолдина, № 1 қалалық емхананың учаскелік қызмет бөлімшесінің меңгерушісі:
-Бізде ашық есік күнінен тыс скрининг өткізіліп тұрады.
Бұл дегеніміз тұрғындар арасындағы арнайы тексеріс жұмысы. Сол арқылы біз көптеген адамдардың ауруларын алдын ала анықтай аламыз. Соның ішінде халықтың қан айналым жүйесіне, сүт безінің рак ауруларына баса назар аударамыз.

Емхана дәрігерлері өз бетімен жүре алмайтын науқастардың үйлеріне барып, медициналық көмек көрсетіп тұрады. Бүгінгі таңда денсаулық сақтау орталығында 22 учаске жұмыс істейді. Оның әр біреуінде 2 медбикеден жауапты. Ал жүріп-тұруға жағдайы бар қариялар күндізгі станционардың сапалы қызметіне дән риза.

Әлима Бейсенбенова:

-Екі сағат демімізді алып, үйге барамыз. Ауруханада жатқаннан гөрі жақсы. Дәрігерлерге рахмет.

Емханада науқастардың денсаулығымен қатар, әлеуметтік жағдайы қатаң ескерілген. Мұнда көптеген науқастар дәрі-дәрмекті тегін алады.

Сәуле Алмолдина, № 1 қалалық емхананың учаскелік қызмет бөлімшесінің меңгерушісі:
-№446 бұйрық бойынша бізде кейбір аурудың түрлері бойынша науқастарға тегін дәрілер беріледі. Мұндай көмек түрі, әсіресе, қант диабетімен ауыратын, артериялық қан қысымы жоғары адамдарға көрсетіледі.

Сенбі күніне жоспарланған ашық есік күні жайында емхана қызметкерлері барлық науқастарды хабардар етті.  

 
 Гүлден Сәрсенбаева