Ауыл шаруашылығы

Орақ науқанының барысы Үкіметтің бақылауында

 

 

Қазіргі таңда республика бойынша 12,8 млн. гектар алқаптың астығы жиналды. Орташа шығымдылығы гектарына 15,8 центнерді құрап, 20,2 млн. тонна астық бастырылды. Бұл 2010 жылғы деңгейден гектарына 7,1 центнерге артық. Бастырылған астықты сақтауға қажетті қоймалар жеткілікті. Қазір еліміздің екі облысы орақ науқанын аяқтаған. Ал ең астықты  өңірлер – Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарындағы жұмыстар 70 пайызға игеріліпті. Үкімет басшысы осы облыстар әкімдерінің есебін тыңдады.

Серік Бәлілов, СҚО әкімі:
– Облыста егін ору науқаны қарқын алған. Бидай алқабының 2,9 млн гектары орылды. Бұл 74 пайызды құрайды. 5,4 млн тонна астық бастырылды. Гектар берекелігі орташа алғанда 19,9 пайызды құрады. Астық қабылдау кәсіпорындарымен жаңа астықты қабылдауға келісім-шарттар жасалды. Қазіргі таңда элеваторларға 1 млн тонна астық түскен. 3 класты бидайдың үлесі 81 пайызды құрап отыр.

Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін тағы бір жағымды жаңалық айтылды. Ол 40 мың тонна арзандатылған жанар майдың бөлінуі. СҚО-на 17 мың тоннасы тиген. Аймақ басшысы жанар майдың шаруашылық құрылымдарына уақтылы түсуін күнделікті бақылауды ауыл шаруашылығы басқармасына тапсырды. Селекторлық жиында мемлекеттік қорға астық сатып алудың ақсап қалғаны айтылды. Шаруалар астықтың бағасы көтеріледі деген үмітпен бидайларын сатуға құлшыныс танытып отырған жоқ. Ал, азық-түлік корпорациясы 1 тонна бидайға 170 АҚШ долларын ұсынып отыр. Серік Біләлов бұл тиімді баға деді.

Серік Бәлілов, СҚО әкімі:
-Тез арада шешуді қажет ететін бірінші мәселе ол-Азық-түлік келісім- шарт корпорациясына астық тапсыру. Қазіргі кезде 125 мың тоннаға келісім жасалды. Осыған дейін астық таситын техника жетіспеді. Қазір техника босады. Элеваторларда астық бар, шаруашылықтармен жұмыс жасап, астықтарын сатуға ниетті құрылымдармен тезірек келісімдер жасау керек.

Облыс әкімі Уәлиханов және Ақжар аудандарында егін ору науқанының 3-4 күнде аяқталатынын айтты. Босаған техника өзге аудандарға көмекке жіберіледі. Ауа райы мүмкіндік берсе, егін ору науқанын 10-12 күнде толықтай аяқтаймыз деді өңір басшысы.

Дана Ғизатова