Мәдениет

Оралхан Бөкей атындағы республикалық байқау

 

 

 

 Көркемсөз оқу шеберлерінің ХІІІ республикалық байқауы ерекше көрініспен ашылды. С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актерлері Оралхан Бөкейдің рөлін сомдап, ең таңдаулы шығармаларынан үзінділер оқыды. Байқау алдында осындай тың қойылым арқылы сайыскерлер жазушының алып образын тамашалады. Байқаудың мақсаты қазақтың көркем әдебиет үлгілерін насихаттау және мәнерлеп оқу бойынша шеберлерді анықтау болатын. Биыл республикалық көркемсөз оқу шеберлері жарысына 16 үміткер өткен. Қазылар алқасы оларды жан-жақты сынап, тіл байлықтарына, өзін-өзі сахнада ұстау мәдениетіне баса назар аударатындарын айтты.

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, қазылар алқасының төрағасы:
-Бұл байқаудың ерекшелігі дәстүрлі байқау осы өңірде алғаш рет өткізілуде. Қазақстанның барлық аймақтарынан Астана, Алматы қалаларынан өкілдер келіп отыр. Байқауға қатысушылар қазақ жазушыларының прозаларын, шығармаларын мәнерлеп оқиды. Ол әр тақырыпта болуы мүмкін.

Елордамыздың намысын арқалап келген Қуаныш Дүйсенқұлов республикалық байқауға өтпес бұрын облыстық сында біраз тер төксе керек. Онда жас жігіт 60 жерлесінің алдын орап өткен. Көркемсөз оқу шебері осы жолғы тыңдармандарының жүрегін Мұқағали Мақатаевтың «Ал енді мен ақыл айтам» поэзиясы арқылы жаулап көрмекші. Қазылар алқасы өнерпаздардың әдеби қызығушылығының кеңдігін және дайындығының жоғары деңгейде болғанын атап өтті. Байқау қортындысында оңтүстікқазақстандық үміткер Сейілхан Оспанов үздік үштікті түйіндеді. Маңғыстау облысының намысын қорғаған   Айнұр Оңғарова екінші орыннан көрінсе, жерлесіміз Алтынай Мусина бірінші орынға табан тіреді. Бас жүлдені – Алматы облысынан келген үміткер Данияр Ахмолдаев қанжығасына байлады. Сондай – ақ байқауға қатысушыларға дипломдар мен ынталандыру сыйлықтары табыс етілді. Әдеби байқау ұйымдастырушылар бір де бір үміткерді ескерусіз қалдырмады. Барлығына дипломдар мен ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.

Гүлден Сәрсенбаева