Ауыл шаруашылығы

Мал шаруашылығы жаңа деңгейге көтеріледі

 

 

 

  
Бүгінде «Казагрофинанс» компаниясы 12 жыл мерзімге дейін қарыз бере алады. Оның жылдық үстемеақысы 6 пайыз болса, шаруалар негізгі төлемдерін 3 жылдан соң ғана өтеуге мүмкіндік алып отыр. Қос компания ыңғайлы шарттар ұсынып отырған тұста  өңірде бірнеше ірі репродукторлық шаруашылық пен мал жемдеу кешендерін іске қосуға болады. Бүгінге дейін облыс шаруашылықтары “Сыбаға” бағдарламасы бойынша азын-аулақ етті мал сатып алып келген. Осы орайда өңір басшысы «Қазагрофинанс» және «Қазагропродукт» басшылығын өңірге шақырды.

Серік Бәлілов, СҚО әкімі:
-Жыл басынан өңірге 5000 бас ірі қара жеткізілді. Оның 1000-нан астамы “Солтүстік” әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясының көмегімен алынды. Алайда  ірі қара етінің экпорттық әлеуетін арттыру үшін бұл аздық етеді. Осы орайда «Қазгрофинансқа» үміт артып отырмыз. Облыста кем дегенде 3 ірі репродукторлық шаруашылық пен 2-3 мал жемдеу кешенін ашу керек.

 
Қаржы компаниясының бастамасымен ірі репродукторлық шарушылықтар Ақмола облысында, еліміздің шығысы мен оңтүстігінде жүзеге асырыла бастады. Бүгінде олар 2012-2013 жылғы жоспарға кіретін серіктес шаруашылықтар іздеу үстінде. Меймандардың облысқа артқан үміті зор.

Нұрлыбек Малелов, “Қазагрофинанс” АҚ басқарма төрағасы:
-“Ірі қара мал етін экспорттау мүмкіндіктерін дамыту” жобасы аясында «Қазагрофинанс» 2 бағытта қаржылық қолдау ұсынып отыр. Алғашқысы – мал бордақылау алаңдарын қаржыландыру. Және екінші бағыт – шетелдік селекцияның малын әкеліп, репродукторлық шаруашылықтар құруға қаржылық қолдау жасау. Несиелендіру шарттары жеңіл – жылдық пайыздық үстеме 6 процент.

Александр Солюлев, “Қазагропродукт” АҚ басқарма төрағасы:
– Алдымен біздің серіктестеріміз репродуктор шаруашылығына арналған 20-30 га жер сатып алуы тиіс. Біз өз кезегімізде бұл жерде мал кешенін тұрғызамыз да оны «Қазагрофинанс» лизинг арқылы шаруаға қайтарып береді. Клинетімізге кепілзат қоюдың қажеті жоқ.
 
Жиынға аудан әкімдерімен қоса, ірі агроқұрылымдар өкілдері келген. Бүгін елордалық меймандармен тілтабысып, әріптестік орнатуға зор мүмкіндіктер бар. «Қазагрофинанс» ұсынған лизингтің көмегіне Ақжар ауданындағы “Лұқбанов” серіктестігі зәру.

Мұхамеджан Лұқбанов, “Лұқбанов” ЖШС директоры:
– 1600 басқа шақталған асыл тұқымды репродукторлық шаруашылық құруды жоспарлап отырмыз. Жобалық-сметалық құжат дайындалған. Мал жайылымдарымыз бар, кепілдемені “Солтүстік” әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясы беруге әзір.

“SC Food” серіктестігі қазіргі уақытта Ақмола облысында репродукторлық шаруашылық жасақтауда. Келесі жылы дәл осындай ферманы Шал ақын ауданында ашуды көздеп отыр. Бүгінде жобалық -сметалық құжаттар дайындалды. Енді қалғаны – фермаға жер сатып алу. Серік Біләлов аудан әкімі Қуандық Тнеевке бұл мәселені жуық арада шешуді тапсырды.

Мақсұт Бақтыбаев, ” SC FOOD” ЖШС бас директоры, Ақмола облысы:
– Мал азығы бойынша мәселе туындамауы тиіс. Суды скважинадан немесе «Есіл су» торабынан тартатын боламыз. Инфрақұрылым мәселесін «Жол картасы» бағдарламасы аясында шешу мүмкіндігі бар.
Алдағы көктемде, Ақмола облысына Америка мен Австралиядан ангус тұқымдастар алынады. Ал келесі жылдың күзінде тайыншаларды Шал ақын ауданына жеткіземіз.
 
Бұл жобаны «Қазагрофинанс» құп санап отыр. Бастапқыда, 1200 басқа шақталған репродуктор бой көтермек. Тек бұл жерде жергілікті атқарушы биліктің көмегі қажет. Ірі репродукторлық және мал жемдеу кешендерін әр ауданда тұрғызуға болады. Бірақ  меймандардың өз шарттары бар. Алдымен бұл қосындар қалалардан 100 шақырым қашықтықтан аспауы тиіс. Екіншіден, бұрын салынған ғимараттар іске жаратылмайды. «Қазагропродукт» мал кешенін жаңадан тұрғызбақ. Сондықтан  алдағы уақытта солтүстікқазақстандық шаруашылықтар мүмкіндіктерін сараптап, нақты әріптестік қатынастар орнататын болады.

Гүлмира Шоқтыбаева