Энергетика

Энергетиктердің инвестициялық бағдарламасы

 

Жаңа трансформатордың қуаты бұрынғысынан 2 есе артық.  Енді бұл жарық таратушы станцияның қызметін Оңтүстік Орал теміржол торабымен қатар басқа да тұтынушылар пайдаланатын болады. Заманауи шетелдік трансформатор желтоқсан айына дейін желіге қосылмақ. Энергетиктер жаңашылдық тіпті қаладағы барлық 10 станция істен шыққан жағдайда да петропавлдықтарды қуат көзінен айырмауға жеткілкті екендігін айтады.

Виталий Фесько, “Северо-Казахстанская РЭК” АҚ бас инженерінің міндетін атқарушы:
– Құны 40 млн. теңге трансформаторды инвестициялық бағдарлама аясында бөлінген қаржыға алдық. Осының арқасында Вокзал, ет комбинаты, 2-ші қалалық аурухана мен орталық аудандар, Пестрое көлі маңындағы тұрғындар сапалы жарықпен қамтамасыз етілетін болады. Ол аудандарда енді бұл ретте қиындық туындамауы керек.  

Украина елінен жеткізілген трансформатордың өңірімізде баламасы жоқ. Табиғаттың  өзгерістеріне төзімді. Негізгі қуат өткізіп тасымалдайтын жабдықтары жақсы қапталып қорғалған. Ұзақ жылдар бойы жөндеуді де талап етпейді.

Сергей Фоминых, “Северо-Казахстанская РЭК” АҚ станция қызметінің бастығы:
-Трансформатордың салмағы 39 тонна. Шетелден тасымалдап әкелу оңайға соқпады. Екі бірдей жүк кранын жалдадық. Бұндай нысанмен бұрын-соңды жұмыс жасап көрген жоқ едік. Десе де барлық жұмыстар талап бойынша дұрыс жасалды. Ендігі қалған шаруа іске қосу. Сырттан мамандар келіп, өздері жалғап, жөндеп, күтуді үйретіп кетеді.

Бұрынғысының қуаттылығы төмендеу болғанымен қызметін жалғастыруға жарамды. Ол енді облыс орталығының солтүстік аудандарындағы электр тарату станциясын жетілдіру үшін орнатылады. Сондай-ақ инвестициялық бағдарлама аясында әбден тозған майлы қозғалтқышы бар қосқыштар вакуумды үлестіргіш құралдарға алмастырылады. Ескісі жанармаймен жұмыс жасағандықтан жоғары қуаттың күшімен тез тұтанып кету қаупі бар. Және қажетінше майланбаса істен шыға береді екен. Ал жаңасы қауіпсіз, 25 жыл жөндеуді талап етпейді. Мұндағы кеңес заманында шығарылған аккумуляторлар да қуаты жоғары белгиялық заманауи үлгілерімен жаңартылыпты.

Виталий Фесько, “Северо-Казахстанская РЭК” АҚ бас инженерінің міндетін атқарушы:
-Инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2011  жылға 688 млн теңге қарастырылды. Бүгінде бұл жұмыстардың 80 пайызы игерілді.  

Сондай-ақ желідегі күрделі және кезекті жөндеу жұмыстары да тындырылуға тәмам. Энергетиктер жоспарланған бар істі жылыту маусымы басталғанша 100 пайыз аяқтаймыз деп отыр.

Жеңіс Ермұқанов